427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында ұмыт болған ұлттық тағамдарды дастарқанға қою үрдіске айналды

  • 624
  • UPD: 14:40, 09.03.2020
Павлодар облысында ұмыт болған ұлттық тағамдарды дастарқанға қою үрдіске айналды

Ертіс өңірінде ұлттық тағамдарға сұраныс жоғары. Бұл тек дәстүрлі ет пен  бауырсақ, қымызға ғана қатысты емес. Соңғы кезде дүкен сөрелерінде талқан мен ірімшіктен жасалған тәттілер пайда болды. Сонымен қатар ұлттық мерекелерде дастарқанға бүрме қарын қою дәстүрге айналған.

Айнұр Темірованың шоколадтан құйған қалыптары бұл. Оның ішіне талқан, ірімшік, мейіз, жүзім, жаңғақ салынады.

Айнұр Темірова, кәсіпкер:

- Осы қалыптардың ішіне кейін жаңағы дайындаған талқанымызды салып, түбін жабамыз. Бұл әзірге бет жағы. Қалыптың кейпін алғаннан кейін шоколадтың бәрін қайтадан төгеміз. Шоколад осы қалыпты ұстап қатуы керек. Сол үшін оны тоңазытқышқа салып қою шарт.

Айнұр қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Бала күтімімен үйде отырғанда   балаларына конфетті қолдап жасаған.  Оның дәмін татып көрген достары мен жақындары тапсырыс бере бастапты. Кейін  шетелге жол түскендер кәдесый түрінде жасауға  ұсыныс білдірген. Тапсырыстың көптігі  кәсіпке  жол ашты.  «Бизнестің жол картасы 2020»  бағдарламасына қатысып  қаржылай қолдауға ие болды.

Айнұр Темірова, кәсіпкер:

- Бүгінгі таңда өнімнің төрт түрі бар. Ол қоспа шоколадта, жент шоколадта, финик шоколадта және құрма, оның ішіндегі дәнінің орнына миндаль салынады және де жентті түрлі қоспалармен жаңа бір өнім түрінде шығардық.

Ал Екібастұз қаласына қарасты Қоянды ауылында тұратын  Қазынагүл апай қазақтың ұлттық тағамдарының тарихын зерттеп жүр. Сонау көшпенділерден қалған ас мәзірі  көптеген адамдардың сүйікті тағамына  айналатынына сенімді.  Айтуынша, бүрме қарынды көшіп бара жатқан жұрт келесі көш жеткенше шоққа көміп кетіп отырған. 

Қазынагүл Алпысбаева, Қоянды ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы:

- Мен бұлардың қалай жасалу жолдарын да айтып отырамын. Негізі енді қазақтың ұлттық тағамдары өте көп. Жаңағы әсіптің неше түрлісін жасауға болады оны қойдың ұлтабарынан жасайтыны бар, қойдың бүйені дейді содан да жасауға болады. Жылқының ішектерінен жасауға болады.

Ұлттық тағамдарды қайта жандандыру мақсатында  Қазынагүл апай  «Ақ дастархан» клубын  ашуға дайындалып жатыр. Ол қарынға май салудың да әдіс-тәсілдерін үйретеді. Бабы келіссе қарындағы сары май екі-үш жыл бұзылмай сақталады екен.

Қазынагүл Алпысбаева, Қоянды ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы:

- Екі күн, үш күндік қаймақты тоңазытқыштан алып, суының бәрін кетіріп, майын бәрін әдемілеп тұздап, тұздағаннан кейін бес-алты сағат жеке тұруы керек ыдыста. Сөлі бәрі кеткеннен кейін ақырындап қарынға салып, солай қарынды қарын толғаннан кейін жақсылап аузын байлап, оның сыртының бәрін әдемілеп тұз жағып қоям екі жағына бірдей. Ол тұз, бір,екі күннен кейін қарасаңыз аппақ болып қалады екі жағы.

Қазынагүл апай ұлттық тағамдарды насихаттаумен қатар шығармашылықпен де айналысады. Ауыл әжелерінің басын қосып «Кәусар» әжелер ансамблін құрған. Бұл ұйым қаладағы мерекелерден қалмайды. Ақ әжелер әнмен қоса қолөнермен  де айналысады. Жасалған бұйымдарды жәрмеңкелерде сатып, түскен қаржыны Екібастұздағы балалар үйіне аударады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы