443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда кезекте тұрған азаматтарға 400-ден астам пәтер беру көзделіп отыр

  • 88
  • UPD: 15:48, 09.03.2020

Оралда жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға 400-ден аса пәтер беру көзделіп отыр. Соның басым бөлігі жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалғандарға берілмек. Негізі баспанаға зәру жандар аз емес. Кезінде жетімдер үйінде тәрбиленген 112 түлек қазір қаладағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде тегін тұрып жатыр. Көбі отбасылы.

Бақытгүл есімді келіншектің осы жерді паналағанына 9 жыл болыпты. Балалар үйінің түлектері мұнда тек 23 жасқа толғанша тұруы тиіс екен. Алайда басқа барар жері болмаған соң күйеуімен бірге осы жерде тұрып жатыр.  

Бақтытгүл Адаюшкина, қала тұрғыны:

- 2009 жылы кезекке ағайынды үшеуіміз тұрдық. Бірақ кейін біздің кезекті бөліп жіберді. Әпкем пәтер алды, ал інім екеумізді 2011 жылы қайтадан кезекке қойды. «Шаңырақ» үйінің ғимараты әбден ескірді ғой, жағдайы мәз емес.  

Бақытгүл секілді жүзден аса тұрғынның  ортақ тілегі тездетіп баспаналы болу. Қалада тұрғын үй құрылысының қарқын алуымен бірге бұл мәселе де оң шешімін таба бастады. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 2 көпқабатты үйден осы санаттағы азаматтарға 40 шақты пәтер берілмекші. Бұл туралы мереке қарсаңында қамкөңіл жандарды құттықтаған «Нұр Отан» партиясының өкілдері мәлімдеді. 

Өмірбай Қалымбетов, «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің меңгерушісі:

- Жыл сайын қалада 100 үй тапсырылса соның 20 проценті осы жетім балаларының санатына жататындарға беріледі. Сонда 39-38 квартир беріледі. 2019 жылы 29 бала үй алды жетім балалар санытына жататын. Сонымен қатар біздерде қазір «Бақытты отбасы» дейді «Нұрлы жер» дейді ипотечный кредитті де беріп жатыр. 

Абат Шыныбеков, қала әкімі:

- Басым бөлігі көп балалы отбасылар мен жетім қалған балалардың қатынасында болады. Қалғандары өзінің санаттары бойынша таратылатын болады. Биылғы жылы жоспарымызда 400-дің үстінде кезекте тұрған азаматарға беруді көздеп отырмыз. Соның ішінде осы санаттағы азаматтарға да бөлінетін болады. Мәселені бірден шешуге келмейді. Сондықтан болашақта мемлекеттік  бағдарлама аясында тұрғын үйлер санын көтере береміз.  

Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1800 бала баспанаға мұқтаж. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл істе ешкімге басымдық берілмейді. Барлығы заңға сәйкес кезек бойынша жүзеге асады. Биыл қалада 10 аула абаттандырылады. Қала билігі кешікпей «Шаңырақ» үйінің ауласынан балалар алаңын салып беруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы