433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысының азаматтары туған елді мекендерін гүлдендіруге атсалысуда

  • 1288
  • UPD: 18:39, 10.03.2020

Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты Топар ауылының азаматтары туған елді мекендерін гүлдендіруге атсалысуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірі өз қаржысымен көшелерді жарықтандырса, енді бірі ауыл мешітінің жанынан тегін ас беруге арналған алаң соққылары келеді. Сондай-ақ ауыз су құбыры тартылып, жалпы орта білім беретін мектеп күрделі жөндеуден өткен. Онда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша еліміздің өзге өңірлерінен де жас мамандар келіп, жұмыс істеп жатыр.

Топар ауылы 1964 жылы құрылған. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өткендіктен, көшелерді жарықтандыру құрылғылары әлдеқашан істен шығып қалған болатын. Ауыл азаматтарының бірі – Ержан Дәндебаев «Туған жер» бағдарламасы аясында 4 миллион теңге бөліп, көшерлерге 63 жарық беру қондырғысын орнатып берді.

Башан Құлымбаев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Ертеңерте, кешке жақын жүргенде, намазға келгенде қараңғы болатын. Биыл жақсы болды, міне. Бірте-бірте көркейіп келе жатыр ауылымыз. Ауылымыздың жастарына рахмет! Жыл сайын бітіргендер жылда көмегін аямайды, беріп тұрады.

Қуат Нұрғожаев, ауылдық округ әкімі:

- Дәндебаев Ержанның бастамасы басқа азаматтарға үлгі болып отыр. Биылғы жылы екі көшеге 25 фонарь орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл енді тұрақты күн тәртібінен түспейтін мәселе. Мини-футбол алаңын соғу, ауылымыздан шыққан мықты-мықты азаматтарды тартып, ауылға керекті дүниелерді соқсақ па деген ойымызда бар.

Жергілікті азаматтар биыл қаржы жинап, ауыл мешітінің жанынан 250 орындық ас беретін алаң салуға талаптанып жатыр. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 152 млн теңге бөлініп, Топарға таза су құбыры тартылды. Қазір ауыл ішіндегі үйлер біртіндеп орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуда. Ал Топар жалпы орта білім беретін мектебі өткен жылы толықтай күрделі жөндеуден өтті.

Анархан Жұмаділова, мектеп мұғалімі:

- Бұрын бетон қабырғалар болып, суық ызғар шашып тұратын болса, мектептің сыртқы жағы да қазір жылынды. Ішкі жылу жүйесі де. Сондықтан мектебіміз өте жылы, жайлы, қала мектептеріндей.

Қазір мұнда 200 бала оқып, білім алуда. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша Топарға келіп, жұмыс істеп жатқан жас мамандар да баршылық. Солардың бірі – Түркістан облысы, Мақтарал ауданының тумасы Ержан Айжанов. Ол Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық ұлттық университетін бітірген.

Ержан Айжанов, жас маман:

- Негізі жұмысты ауылдан бастаған дұрыс деп ойлаймын өз басым. Ауылдан көп тәжірибе жинайсыз. Балқаш ауданының ең мықты ауылдарының бірі деп ойлаймын. Өзім келгелі ұнап жатыр. Барлық жағдай қарастырылған. Оқушыларының да білімі жақсы.

Болашақта Топар ауылының ішіндегі көшелерге асфальт төселіп, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы