419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Доллар бағамының өзгеруіне байланысты үкімет бюджетті қайта қарады

  • 504
  • UPD: 20:15, 10.03.2020

Бюджет шығысы оңтайландырылады. Ұлттық валюта бағамының өзгеруіне қатысты бүгін Үкімет отырысында нақты шаралар қабылданып, алдағы жоспарлар пысықталды. Премьер-министр сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалатынын атап өтті. Ал қаржы министрі болса, бюджеттің қалайша оңтайландырылатынын айтып берді.

Үкіметтің бүгінгі отырысы бұрынғыларына қарағанда өзгерек. Валюта бағамының құбылуы мұндағы жұмыс тәртібіне де жаңа қарқын бергендей. Министрлер ширақ. Ал үкімет болса бюджеттің шығысын қайта қарап үлгерген. Енді әкім қаралар мен шенеуніктер қымбат жиһаз бен көлік алуды да кейінге шегеретін сияқты. Сондай-ақ бітпейтін семинарлар мен форумдарға да шектеу қойылмақ. Ал маңызы жоқ жобаларды асықпай іске асыруға болады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары әрі қаржы министрі Әлихан Смайлов болса, бюджеттің қалай оңтайланатынын айтып берді. Әлемдік экономикадағы күрделі жағдайды ескерсек, қазына қаржысын аста-төк жұмсау қысқарады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР қаржы министрі:

- Теңгенің курсына байланысты бірқатар шығыс индексацияланады. Бұл мемлекет борышының қызметін көрсету, кепілдендірілген тегін медициналық көмек, шет елде Қазақстан азаматтарын емдеу, «Болашақ» программасы бойынша оқыту және басқа да шығыстар.

Бюджет қалай оңтайландырылса да әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалады.

Үкімет басшысы осылай деді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне нақты тапсырма берді. Елде 4 млн астам адам зейнетақы және түрлі жәрдемақы алады. Осы әлеуметтік төлемдер үшін 3 трлн 400 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ Президент жұмысшыларды қысқартуға жол бермеу керектігін тапсырған еді. Енді жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы әзірленеді.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Нарықтағы қалыптасқан жағдай және біздің ішкі экономикамызға түсіп жатқан салмаққа қарамастан үкіметтің тарапынан, біздің халықтың алдында алған барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады.

Коронавирустың таралуы да экономикаға әсерін тигізбей қоймады. Ақпан айында Қытайдан әкелінетін импорттың көлемі 11 процентке азайған. Көрші елдің тауарынан түсетін салық көлемі 12 процентке төмендеген. Бұл  2 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды. Осылайша індеттің жайылуы импортқа салынатын құн салығының көлеміне кері әсерін тигізді. Салдарынан республикалық бюжет 83 процентке ғана толыққан.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР қаржы министрі:

- Жалпы есепті кезеңде Қытайдан келетін автокөлік құралдарының саны 24%-ке және темір жол транспорты 14%-ке азайды Одан басқа ақпан айында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт тасымалдайтын автокөліктің саны 20%-ке азайды. Сыртқы теріс факторлардың әсеріне қарамастан қосылған құн салығы бойынша 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 110,5%-ке өсу қарқыны қамтамасыз етілді.

Жалпы биылғы екі айдың нәтижесі бойынша ұлттық экономикадағы өсім 3,3 процент деңгейінде сақталып отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Өздеріңізге мәлім, әлемдегі экономикалық жағдай күрделі болып тұр. Сыртқы экономикада коньюнктураның теріс серпіні байқалып отыр. Бұл ретте қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Президенттің тапсырмасы бойынша шұғыл әрекет ету штабы және барлық өңірлерде тиісті штабтар құрылды. Үкімет осы жағдай одан ары қарай дамуының бірнеше нұсқасын әзірледі. Әр нұсқа қажетті қаржы ресурстармен қамтамасыз етілген. Бұл шаралардың мақсаты халықтың әл-ауқатының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Азаматтарымыздың ешқайсысын қиын жағдайда қалдырмаймыз. Мемлекет әлеуметтік міндеттемелері орындалады. Зейнетақы, жәрдемақы уақытылы әрі толық төлемде төленетін болады.

Ешкім қиын жағдайда қалмайтынын айтқан Үкімет басшысы нақты тапсырмалар берді. Бекітілген жоспар бар. Оның орындалуы енді тек жауаптылардың міндетінде.

Хабар 24 телеарнасы