411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстаннан тарихи отандарына көшіп кеткен өзге ұлт өкілдері қайта оралуда

  • 297
  • UPD: 16:04, 11.03.2020

Қазақстаннан өз тарихи отандарына көшкен өзге ұлт өкілдері қайта оралуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы 7 мыңға жуық репатриант елімізге қоныс тепкен. Араға біраз уақыт салып, Қазақстанға қайта оралуға елдегі экономикалық тұрақтылық сеп болды дейді шымкенттік Янис Сидиропуло.

90-жылдары Грекияға қоныс аударған Ионис Сидиропуло 19 жылын тарихи Отанында өткізіп, Қазақстанға қайта оралған. Туған жеріне көшу туралы шешімді ұзақ ойланып, саналы түрде қабылдаған екен. Айтуынша, қонақжай халқымыз құшақ жая қарсы алыпты. Тіпті қайта оралғанымды мақтан тұтады дейді.

Ионис Сидиропуло, қала тұрғыны:

– Бұл жақта менің жақын туыстарым бар. Олар мені жақсы қарсы алып, өз көмектерін ұсынды. Тіпті өз үйлерінде тұруға шақырды. Бірақ жасым біршамаға келген соң, қабылдай алмадым. Бірден жұмыс іздедім. Тұрақты жұмыс та табыла кетті. Құжаттарым дайын болған соң жұмысқа кірістім.

Ионис қазіргі таңда мейрамханалар желісінің басқарушы директоры қызметін атқарады. Жұмыс пен жақсы өмір іздеген адам керегін өз елінен табады. Тек аянбай еңбек ету керек дейді ол. Айтуынша, елімізде барлық мүмкіндік жасалған.

Ионис Сидиропуло, қала тұрғыны:

– Мен елге байқап көрейін деп келген жоқпын. Шетел кезіп те шаршайсың, шыны керек. Жұрт іздеген тәтті өмірді кейде ол жақтан таппай жатасың. Мен болашағымды Қазақстанмен байланыстырамын. Қазақстан – менің Отаным. Балаларымды өсіріп, осы жерде тәрбиелеймін.

Ол осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ қызымен шаңырақ көтерген. Жұбайы екеуі 2 жасар қыз тәрбиелеп отыр. Таңдау болса да, баласының қазақ балабақшасына баруын жөн көрген екен.

Ионис Сидиропуло, қала тұрғыны:

– Отбасың, тұрақты жұмысың мен үйің – ең үлкен игілік. Жеке өз басымнан өткерген жағдайлардан кейін, мен үшін тыныштық пен тұрақтылыққа жетер ештеңе жоқ. Жаның тынышталса, денсаулығың нығайып, тұрмысың да қалыпқа келеді.

Ресми мәліметерге сүйенсек, өткен жылы 12 мыңнан астам адам Қазақстан республикасы азаматтығын алған. Олардың көп бөлігі қазақ, орыс, украин және әзербайжандар. Ал көшіп келушілер тұрақты қонысы ретінде Алматы, Маңғыстау, Қостанай облыстарын және Алматы қаласын таңдайды екен.

Бақытгүл Утеулина, ҚР ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің бас сарапшысы:

– Көші-қон коммитетінен келіп түскен деректерге сәйкес 2019 жылы Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келгендердің саны – 12258 адам. Оның ішінде 44 пайызы Өзбекстаннан, 28 пайызы Ресей Федерациясынан, 12 пайызы Қытайдан және 7 пайызы Түрікменстаннан көшіп келген. Келгендердің 72,2 пайызы еңбекке жарамды жастағылар.

Авторлары: Арай Серікбаева, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы