448,52 487,00 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандықтар Наурыз мерекесін этноауылда бес күн тойламақ

  • 137
  • UPD: 14:42, 11.03.2020

Ортағасырлық шығыс базары, шеберлер көшесі, көшпенділер ауылы, хан ордасы, көшпенділер асханасы және сарбаздар ауылы.

Бұл кереметтің барлығын Түркістандағы жаңадан салынған этноауылдан көруге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыстың ұлы күні – Әз наурыз мерекесін Түркістан жұрты осы этноауылда 5 күн бойы тойламақ.

Бұл – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанынан бой көтерген «Этноауыл» алаңы. Мұнда орта ғасырдан бастап, көшпенділер дәуірі, қазақ хандығы мен кешегі 19-ғасырға дейінгі қазақ халқының өмір сүру салты мен тұрмыс-тіршілігі толық көрініс тапқан. Этно ауыл 7 бағыт бойынша орналасқан. Алғашқысы көшпенділер ауылы, шеберлер көшесі, шығыс базары, көшпенділер асқанасы, сарбаздар ауылы және хан ордасы сияқты жеке-жеке алаңдардан тұрады.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Біз қазір ортағасырлық шеберлер ауылында тұрмыз. Мұнда 40-қа жуық он саусағынан бал тамған ағаш ұсталары мен темірден түйін түйген шеберлер, тері илеп, кілем тоқитын ісмерлер отырады. Олар келген қонақтарға ұлттық бұйымдардың қалай жасалатынын көрсетіп, технологиясымен таныстырады.

Ал көшпенділер асханасында халқымыздың ғасырлар бойы тұтынып, бүгінде ұмыт болған ас-ауқат түрлері қайта жаңғыртылып, халыққа ұсынылады. Көшпенділер тұтынған тағам түрлері мен олардың жасалу жолдары этнограф-ғалымдардың көмегімен қалпына келтірілмек.

Айко Төкен, ұйымдастырушы:

– Мұнда көшпенділер тұтынған тағам түрлерімен танысуға болады. Олар қандай ас ішті, қалай тамақтанды? Бүгінге дейін ұмыт болған 80-нен аса ас-ауқат түрі көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, көшпенділер асханасының құпиясымен бөлісеміз. Сондықтан барлық қазақстандықтарды Наурыз мерекесін Түркістанда қарсы алуға шақырамыз.

Сондай-ақ хан ордасы мен сарбаздар ауылында көшпенділердің салт-дәстүрі дәріптеліп, ат құлағында ойнаған батырлардың қалай шыныққаны көрсетіледі. Ал шығыс базарында шеберлердің қолынан шыққан дүниелер саудаға шығарылады. Бірегей жоба Наурыз тойына келген қонақтар мен шетелдік саяхатшылар үшін тарихы терең қазақ мәдениетімен толығырақ танысуға мүмкіндік береді.

Рашид Аюпов, қала әкімі:

– Жыл сайын бұл жерде этноауыл тігіледі. Жалғыз киіз үй емес, форматын өзгертейік деген ой келген болатын. Этноауылда арнайы актерлер болады. Олар біздің тарихымыз бен мәдениетімізді таныстырады. Бұл жерде 14-15, 19-ғасыр да бар. Мақсатымыз – келген қонақтарға, тұрғындарға сол замандағы өмірді көрсету арқылы туристерді тарту.

Меймандар наурыз күндері көне ғасыр кейпіндегі саз балшықтан тұрғызылған үйлерді аралап, ағаштан құрастырылған қоршаулар мен мұнараларды өз көздерімен тамашалай алады. Құрылыс нысандары тарихи талаптар бойынша жүргізіліп жатыр. Өткен мыңжылдықтан сыр шертетін қазақ ауылы 15 наурызда ашылады деп жоспарланған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы