445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетпіс бес жыл бойы іздестірілген қазақ жауынгерінің жатқан жері Ресейден табылды

  • 139
  • UPD: 14:35, 11.03.2020

Ресейдің Ленинград облысы Волосов ауданынан 75 жыл бойы іздестірілген қазақ жауынгерінің жатқан жері табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ертіс өңірінің тумасы Иван Дүйсенов 1944 жылы Ленинград шаһарын қорғау ұрыстарына қатысып, сол жерде жан тапсырған. Ержүрек сарбаздың ұрпақтарына сүйінші хабар жетті. Олар енді аталарының моласын көріп, қазақ жерінің бір уыс топырағын апаруды армандайды.

Иван Дүйсенов Ленинград облысының Бегулицы ауылындағы молаға жерленген. 29 жасында соғысқа аттанған сарбаздың ұлы Исахан әкесін соңғы демі қалғанша іздепті. Әке арманы батырдың немересі Мадина Дүйсеноваға аманат болып қалған. Жауынгердің ұрпақтарына қуанышты хабарды «Форпост» іздеушілер жасағы жеткізген.

Мәдина Дүйсенова, Иван Дүйсеновтың немересі:

– Әкеміз көп жылдар бойы тосумен өтті. Осы күнді көре алмай кетті. Өкінішті. Батырларымыздың жатқан жерлері, топырақтары торқа болсын. Біз ешқашан оларды ұмытпаймыз. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Сұрапыл соғыс жылдары теміржол вокзалы болған дәл осы жерден осындай вагондармен 46 мыңнан астам павлодарлық жауынгер қан майданға аттанды. Олардың тең жартысы туған жердің төсіне оралған жоқ. Ұлы Жеңіске 75 жыл толса да, 9 мыңнан астам сарбаз әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында. 

Ертіс өңірі әу бастан іздеу қозғалысының орталығы саналады. Бүгінде павлодарлық іздеушілер хабарсыз кеткен жүздеген жауынгер туралы мағлұмат іздеп, туыстарына жеткізген. Жұмыс бір сәтке де тоқтамақ емес. Бұл іске батыр бабаларымыздың немере-шөберелері де атсалысуда. 

Жұмабек Қамзин, қоғам қайраткері:

– Жеңіс күнінің алдында бір отбасының екі шөбересін Кремльдің іргесіне жіберейін деп жатырмыз. Кремль іргесінде белгісіз жауынгердің бейіті бар. Сол жерде мәңгілік алау бар.

Мұрағатта сақталған құнды мәліметтер де жарыққа шығарылуда. Осы күнге дейін хабарсыз кеткен жауынгерлер туралы ақпарат «Боздақтар» атты естелік кітабының бесінші томына енгізілген. Кітаптың алтыншы томы қалың көпшілікке жол тартты.

Халел Әкімханов, облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкері:

– Бұл кітапқа кіргені – 574 адам, бәрі павлодардың жауынгерлері. Бұрын қайтыс болған, қаза тапқан, хабарсыз кеткен.

Бүгінде естелік кітаптың алты томына екі мыңға жуық сарбаз туралы мәлімет жинақталып, бұқараға таратылған. Енді «Жеңімпаздар» кітабы жарық көрмек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы