447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда ардагерлерге құрмет көрсетілді

  • 95
  • UPD: 15:51, 11.03.2020

Таразда Жеңістің 75 жылдығын тойлау шаралары ерте басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы мейрам қарсаңында ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Әскерилер қарт майдангерлер тұратын аулаға барып сап түзеді. Әскери оркестр соғыс кезеңіндегі әуендерді ойнап, батырларға сый жасады. Іс-шара қарияларға жеңіске жеткен кезеңді естеріне түсіріп, сол бір рухты жылдарды сезіндіруге бағытталды.

Мұсахан Бердібаев – 1941 жылы соғысқа аттанып, аяғына дейін қатысқан батыр адам. Қызыл әскер қатарына қазан айында шақыртылған. Ол сол кездегі жаңадан құрылған 105-атты әскер полкіне қабылданады.

Алғашқы 5-6 айда ұрыс тәсілдерін үйреніп, жаттыққан. Кейін Мәскеу, Иванов қалалары маңындағы шайқастарға қатысқан. Сталинград, Курск шайқастарында болып, Балтық жағалауы елдерін жаудан азат еткен.

Жеңіс солдаты ауылына 2-топ мүгедегі болып оралды. Елге келген соң қайта қалыпқа келтіру жұмыстарына араласып, ұстаз болып еңбек етті. Батыр қария бүгінде 99 жаста. Майдангерді жылдағыдан ерекше құттықтап, мейрам қарсаңында құрмет көрсету үшін әскерилер үйінің алдында сап түзеді. Оркестр соғыс кезеңіндегі әуендерді ойнап, батырларға сый жасады.

Мұсахан Бердібаев, соғыс ардагері:

– Бірліктің арқасында тіршілік жасап, мемлекетімізді күшейтіп, халқымыз дәрежеге жетіп отыр. Барлықтарың аман болыңдар!

Қазір Жамбыл облысында 60 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оның 34-і Тараз қаласында тұрады.

Күләш Әбдікешова, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Бұл кісілер Жеңістің 75 жылдығы келе жатқанын сезінсін. Ол күні қошемет, құрмет көп болады. Ұмытпағандығымызды білсін деп, ертерек басталып отыр.

Ардагерлерге құрмет көрсетуге бағытталған іс-шара кезең-кезеңімен өткізіледі. Мамыр айына дейін майдангерлерді толық қамту көзделіп отыр. Енді бұдан әрі қарай аудан, ауылдарда ұйымдастыру жоспарда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы