420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраудағы базарлар мен шағын дүкендерде тамақ бағасы еселеп өсті

  • 649
  • UPD: 20:35, 14.03.2020

Атырау жұртшылығы өткен екі күнде ұннан бастап шай, өсімдік майы, қант, сарымай секілді күнделікті тұтынатын тағамдарын қаптап ала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, ірі дүкендерде сауда қызған. Осыған байланысты жергілікті билік барлық тауар жеткізушілер және ірі сауда орталықтары басшыларымен келісім жасасты. Ондағы мақсат – қымбатшылыққа жол бермеу.

Халық дүкендердегі азық-түлікті қаптап тасуда. Ұтырлы кезді ұтымды пайдаланған саудагерлер азық-түлік бағасын шарықтатып жіберді.

Соңғы екі күнде базарлар мен шағын дүкендерде тамақ бағасы еселеп өсті.

Қымбат Смағұлова, қала тұрғыны:

Көкөніс бағасы көтеріліп кеткені соншалық, 40-50 теңгеге өсіп кеткен. Мына жақтағы тауарлар да қымбат. Негізі ел басшысы айтып жатыр ғой: «нарықты сақтаңдар, бағаларын көтермеңдер» деп, бірақ сатушылар өте қатты көп қосып тұр. Мен соған қынжыламын.

Шоқан Нығметов, қала тұрғыны:

Макарон өнімдерінің бағасы бұған дейін 580-600 теңге көлемінде болса, бүгін 700 теңге болыпты. Ет өнімдері қымбаттап кеткен. 2000-ның үстіне шығып кеткен. 1600-1700 теңге болған.

Осыған орай қалалық мәслихат депутаттары сауда орындарын аралап, жағдайды бақылауда. Олар қай базарда қандай тауарға сұраныс бар, баға айырмашылығын тексеріп қадағалайды.

Гүлзейнеп Дүсіпова, қалалық мәслихат депутаты:

- Насиха базарында кезек жоқ. Баға да тұрақты. Ал Сарайшық базарында алушы көп екен.Біз күнделікті тұтынатын тағам түрлерін мониторинг арқылы бақылап отырмыз. Баға көтерілсе, шара қолданамыз.

Осылайша, атыраулықтар айлық азығын жинап алуға жанталасып жатыр. Жағдайдың ушығуына байланысты көптеген сауда орындарында азық түлікті босатуға шектеу қойылған. Мысалы: қант пен күріш бір адамға 5 келіден, ал ұн бір қаптан артық сатылмайды. «Бірақ ол қордың аздығынан емес, азық-түлік дүрбелеңін сейілтіп, ұзын сонар кезекті қысқартуға арналған шара», - дейді мамандар

Раиса Галочкина, сауда орталығының өкілі:

Кешеден бері тамақ түрлеріне деген сұраныс 35-40%ке өсті. Біз мұны күтпеген едік. Сауда орындарын үстеп үлгере алмай жатырмыз. Дегенмен, азық-түлік түрлері жеткілікті. Алаңдауға негіз жоқ.

Алайда, тауар өндірушілер мен сауда өкілдерінің сөзіне сенсек, әзір алаңдауға негіз жоқ секілді. Себебі, Атырау қоймаларында екі айға жететін азық-түлік қоры бар. Оған сырттан тасымалданатын қант, өсімдік майы, күріш, сарымай секілді тағамдар кіреді. Ал өзімізде өндірілетін макарон мен көкөніс түрлері тұрақтандыру қорына жыл басында жиналған. Сондай-ақ астықты аймақтардан келісім негізінде тауар тұрақты жеткізіліп тұр. Ет-шұжық, сүт өнімдері көршілес Астрахань облысынан тасымалданады. Әзірге шекарада кідіріс жоқ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Матенов

Хабар 24 телеарнасы