419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда антисептик өндірісі артты

  • 580
  • UPD: 09:49, 16.03.2020

Зарарсыздандыру заттарын шығаратын Павлодардың кәсіпорыны бұдан былай шетелден шикізат сатып алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зауыт Қазақстанның Ғылым қорымен бірлесіп, инновациялық технологияны енгізіп отыр. Оның көмегімен дезинфекциялық заттарға қажет негізгі шикізат өндірісі іске қосылады. Отандық өнім Қытайдан келетін импортты алмастырады.

Дезинфекциялық заттар өндірілетін зауыт дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ғылыми жоба шикізатқа деген тәуелділікті жояды. Кәсіпорын бұрын өндіріске қажетті өнімнің 50%-ін шетелден алатын.

Борис Шаров, кәсіпорынның техникалық директоры:

- Зарарсыздандыру заттарының негізіне жататын трихлоризоцианур қышқылын біз кең ауқымда пайдаланамыз. Бұл жобаның мақсаты – Қытайда шығарылатын шикізаттан арылып, импортты алмастыратын өндірісті іске қосу болатын. Біз жаңа технологияның арқасында 100% отандық өнім шығара аламыз.

Жобаны коммерциялық жолға қоюды қазақстанның Ғылым қоры қолға алды. Екі жақ бірлесіп қаржыландырады. Жалпы құны 300 миллион теңгеге түскен. Бүгінде қажетті қондырғылардың бір бөлігі алыныпты.

Борис Шаров, кәсіпорынның техникалық директоры:

- Шындығын айтсам, қаржыландыру жағы қазір кідіріп жатыр. Ғылым қоры бізге министрлік қаржы бөлуді тоқтатқанын хабарлады. Әрине, ол біздің жұмысымызға да кері әсер етті. Бастаған жұмыс тоқтап қалды.

Кәсіпорын жылына 500 тонна зарарсыздыру заттарын шығара алады. Нарықта сұраныс туындап жатса, өндіріс қуаттылығын арттыруға дайын.

Борис Шаров, кәсіпорынның техникалық директоры:

- Біз әдетте тәулігіне 300 келі өнім шығаратынбыз. Коронавирустың алдын алу мақсатында қазір оның көлемін 800 келіге жеткіздік. Егер препарат тапшылығы туындап жатса, тәулігіне 1 тоннадан аса өнім шығаруға дайынбыз.

Кәсіпорын зарарсыздандыру заттарының 25 түрін шығарады. Бұрын тек медициналық  мекемелер мен әлеуметтік нысандар тапсырыс беретін. Енді тұрмыстық жағдайда қолдануға тура келіп отыр.

Олеся Слатвинская, өндірістік-техникалық бөлімнің инженері:

- Бір таблеткадан 20 литр ерітінді алынады. Сұйықтық медицина саласында, кәсіпорындарда, тұрмыстық жағдайларда зарасызданду жұмыстарын жүргізуге қолданылады.

Коронавирусқа қарсы тұрудың ең тиімді жолы зарарсыздандыруда жатыр. Қарапайым гигиеналық талаптардың сақталуына баса мән берілуі тиіс.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бүгінгі таңда ең жоғары сұраныс тудырып отырған екі зат бар. Ол медициналық маска мен қолға арналған мынандай антисептиктер. Қолды жиі жууға мүмкіндік  болмай жатса, теріге арналған антисептикті қолдануға болады. Этил спирті негізінде жасалған зарарсыздандыру заты өзіңізбен бірге алып жүруге қолайлы. Оны қолыңызға ғана емес жұмыс үстеліңізге, есіктің тұтқаларына да шашуға болады. Құны шамамен 500 теңгенің айналасында. Бір құтысы 100 рет шашуға жарайды. Коронавирус жұқтырмаудың амалы сақтық шараларын күшейтуге міндеттейді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы