448,52 487,00 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында коронавирус күдігімен ауруханаға түскендерден дерт анықталмады

  • 106
  • UPD: 17:55, 16.03.2020

Алматы облысында коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен үш адам ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы бірер сағат бұрын өткен брифингте айтылды. Дәрігерлер не дейді?

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Баспасөз мәслихатына келген өңірдің бас дәрігері үш адамның шетелден келгенін айтып отыр. 

Олар ыстығы көтерілуі себебінен қоғамнан оқшауланып, өңірдегі ауруханалардың біріне жатқызылыпты. Сәйкесінше тиісті анализдер алынып, сараптама жасалған екен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың мәлімдеуінше, күдіктілерден коронавирус індеті анықталмаған.  

Бауыржан Ысқақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бірден вирусологиялық анализдері алынды, анализдердің бәрі теріс нәтиже берді. Яғни анықталған жоқ. Қазір денсаулығы жақсы. Соған қарамастан олар бақылауда. Солармен бірге болған туыстарының данныйлары алынып, күнделікті жағдайларын біліп отырмыз. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Журналистермен кездесуде басқарма басшысы өңірде сақтық шаралары екі ай бұрын басталғанын айтты. Тиісті оқшаулау орындары дайындалып, дәрігердің біліктілігі арттырылғанын жеткізді. Барлық мекемелерде қауіпсіздікті нығайтуға баса мән берілген екен. 

Шекара шебіндегі 6 кеден бекетінде де санитарлық қадағалау күшейтілген. «Қорғас» орталығы толықтай жабылды. Жағдай тұрақталғанда арнайы қаулы негізінде ашылатын болады. Шекарадан туристердің өтуіне тыйым салынған. Қазір жүк көліктері мен тауарлы пойыздар ғана қатынап тұр. Жүргізушілер жіті тексерістен өтіп, техникасы залалсызданғаннан кейін ғана ел аумағына кіргізілуде. Шекара бекеттерінде ғана емес, Талдықорғандағы қоғамдық көліктер де хлор қоспасымен тазартыла бастады. Дезинфекциялау  жұмыстары тәулігіне бір рет жасалады. Айта кетейік, шағын шаһарда күн сайын 180-нен аса автобус жолға шығып, 100 мыңнан аса адамды діттеген жеріне жеткізеді. Алайда қазір жолаушылар саны сиреді. Өйткені оқушылар демалыста, өңірдегі 74 колледж бен жоғарғы оқу орнының студенттері қашықтықтан оқытылып жатыр.  

Әлішер Сүлейменов, студент:

- Мен оқып келе жатқаныма осымен үшінші жыл. Ешқандай қиындық болмады. Яғни екінінің бірінде компьютер бар ғой. Сол сияқты компьютерді жақсы білетін адам болса, бұл бағдарлама өте тиімді деп ойлаймын. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Тағы бір ескере кететін жайт, Талдықорғанда азық-түлікке деген сұраныс артқан. 

Арнайы құрылған штаб өкілдері дүкендер мен сауда орындарын аралап шықты. Бағаның шарықтап кетпеуі үшін өңірде 11 мың тоннаға жуық әлеуметтік азық-түлік сатып алынған екен. Жауаптылар қазір соның 2,5 мың тоннадан астамы қоймада сақтаулы тұрғанын жеткізді.

Хабар 24 телеарнасы