429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

  • 504
  • UPD: 14:47, 17.03.2020

Батыс Қазақстан облысында коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен қазір өңірде шет мемлекеттерден келген 89 адам оқшауланып, бақылауға алыныпты. Шекарадағы өткізу бекеттері мен халықаралық әуе рейстері де қатаң қадағалауда. Дағдарысқа қарсы жоспар жасақталып, бағаны бақылау мақсатында жедел әрекет ететін штаб құрылды.

Әлемді әбігерге салған індеттен сақтану – баршаға ортақ басты міндет. Сондықтан қазір қаладағы барлық коммуналдық кәсіпорындар күшейтілген режимге көшірілді. Шаһарда барлығы мың жарымдай бизнес субъектісі тіркелген. Соның ішінде 80 сауда үйі, 20 шақты базар мен 300-дей ойын-сауық нысаны қабылданған шаралардан хабардар. Төтенше жағдайға байланысты қаладағы 20 орта мектепте EGOV электронды форматындағы қызмет көрсету пункттері ашылды. Ал жолаушы тасымалына жауапты 6 кәсіпорынның автобустары күнделікті 28 бағыт бойынша қатынайды. Соңғы аялдмаға жеткен әрбір көлікте зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу міндеттелген.

Облыстағы барлық медициналық мекеме жеке қорғаныш құралдарымен 100 процент қамтылған. Дәрі-дәрмек пен зарарсыздандыру құралдары жеткілікті. Жұқпалы ауруларға қарсы ем-дом жасайтын жерлер мен карантиндік орындар белгіленген. Емдеу мекемелерінде 194 кереует дайын тұр.

Мұхамғали Арыспаев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Шетелден келген азаматтардың бәрін мониторингке алып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, мониторинг 4 санатқа бөлінген болатын. Сол 4 санат боынша қазір 89 адам мониторингте бар. Олардың бәрі үйде оқшауланған. Солардың бәріне біз медициналық ұйымдар арқылы жүргізіп жатырмыз. Барлық оқшауланған азаматтардың тізімдері бар.

Азық-түлік бағасы бақылауда. Дегенмен әлеуметтік маңыздағы кейбір азық-түлік тауралары бағасының өскені байқалып отыр. Мәселен, өңірде қант тапшылығы сезілсе, картоп пен пияз бағасы күрт өскен. Сондықтан қазір аталған тауарларды тұрақтандыру қоры арқылы сатып алу жоспарда.

Хабар 24 телеарнасы