425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейдің көшелері тасқын судың астында қалды

  • 438
  • UPD: 23:17, 17.03.2020

Семейдің көшелерін еріген қар суы басты. Шаһар халқы қазір резеңке етікпен жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық көшелер құрғатылса да, шет аудандарда әлі де арнайы техника жетіспейді. Осының салдарынан лай су жеке тұрғын үй секторына жетіп, тротуарлар мен үй аулаларын басып жатыр.

Блиц 1:

- Қарағайлы 28. Міне, қазіргі жағдай осы. Өз үйімізге кіре алмай жатырмыз.

Блиц 2:

- Улица Пожарная 14 микрорайон. Вот что можно сделать? Куда обратиться? Потому что это уже невозможно.

Әлеуметтік желілерде осындай видеолар толып жүр. Мәселен, мына кадрлар Татар ауданының қазіргі күйін көрсетеді. Еріген қар суы үй ауласына құйылып жатыр.

Восточный ауданындағы жағдай да мәз емес. Тасқын суы көшелерді басып қалған.

Шолпан Шақабаева, қала тұрғыны:

Мына суды мүлдем құрғатпайды. Жыл сайын осы мәселе бізде. Міне, бірінші линия мен екінші линияда су. Ана үйлерге әне су кіріп жатыр. Шлак салсақ, бізге ұрсады полиция. Ал енді не саламыз оған?!

Коммуналдық кәсіпорындар болса, қайтадан күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қала орталығы қазір лай судан құрғатылып жатыр. Подгорная көшесі мен Океан шағын ауданында резеңке етіксіз жүру мүмкін емес. 

Галина Гончарова, қала тұрғыны:

Тек орталық көшелерді ғана құрғатады. Ал біз тұратын сектордың аулалары мен жүргінші жолдары лай судың астында қалды. Биыл қар қалың түсті. Оны тазалауға коммуналдық кәсіпорындар үлгермей жатыр. Қала әкімдік жылда қайталанатын осы мәселенің шешімін қашан табады?!

Жауапты мамандар су тасқынын үнемі бақылауда ұстап отырғанын айтуда. Бүгінгі күні қаладан үш жүз мың шаршы метр қар шығарылған. «Ертіс өзенінің деңгейі 297 см, яғни қазіргі жағдай тұрақты. Ал 450 сантиметрден жоғары көтерілсе, мәселе қиындауы мүмкін», - дейді олар.

Бақытбек Байбұров, қалалық ТЖБ бастығы:

Қардың суы қазір Восточный поселкесін басып жатыр. Екінші линияда Целинный көшесі бар. Содан кейін мына Павлодарский, Затон да бар. Солардың барлығында жергілікті органдар жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайлар басқармасының жеке құрамы осы су тасқынына қазіргі уақытта дайын деп айтамыз.

Еліміздің төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары Марат Құлдықов қазір осы өңірде жүр. Жұмыс сапарының мақсаты – тасқын су басу қаупі бар жерлерді бағдарлап, алдын алу шараларының жоспарын түзу.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы