412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда халықаралық әуе рейстері уақытша тоқтатылады

  • 251
  • UPD: 15:02, 19.03.2020

Ақтау әуежайына келетін барлық халықаралық ұшақ рейстері сәуірдің соңына дейін тоқтатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау облысындағы тілшіміз Талғат Исламұлы қазір бізбен тікелей байланыста қосылды. Жай-жапсарын өзінен білейік.

Диктор:

- Кей бағыттар бойынша ұшақтар наурыздың соңына дейін ұшады, кейін де уақытша шектеу енгізіледі деп жатырмыз. Бұл қай бағыттар және оларға алдын ала билет сатып алғандардың мәселесі қалай шешіледі?  Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты Маңғыстаудағы мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарда жұмыс тәртібі өзгерді ме?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Вирустық инфекцияның әуе жолы арқылы аймаққа таралуына тосқауыл қою мақсатында халықаралық бағытта ұшатын борттардың Ақтау әуежайына келуі уақытша тоқтатылады. Олардың тізімін қатесіз айтып шығу үшін смартфон экранына қарағаным жөн болар.

Сонымен, бүгіннен бастап Баку, Макачкала мен Ресейдің Минеральные воды, Краснодар және Астрахань қалаларына ұшақ қатынасы сәуірдің соңына дейін тоқтатылды. Бұл шектеулер жолаушы тасымалына ғана қатысты, яғни жүк рейстері жалғаса береді. Сондай-ақ АқтауМәскеуАқтау бағытында әуе қатынасы 22 наурыздан бастап тоқтайды. АқтауЫстамбұлАқтау бағытына 24 және 26 наурызда, АқтауТбилисиАқтау бағытына 27 және 28 наурыз күндері соңғы рейстер ұшады деп айтылды. Осы жерде айта кеткен дұрыс, халықаралық бағыттағы борттардың наурыздың соңына дейін Ақтауға соңғы рейстерді жасауы Қазақстан азаматтарының Отанына қайтуына және шетелдіктердің өз еліне кетуіне жасалып отырған мүмкіндік деп түсіну қажет. Ал жолаушы билетінің қалай қайтарылатыны туралы мамандар былай баяндады.

Серік Мейірманов, Өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Әуе компанияларына жолаушылардың билетін айыппұлсыз және толық көлемде қайтарып беру туралы өтініш білдірдік. Барлық жолаушылардың билетін қайтарулары тиіс. Жолаушылар билеттерін оны алған жерлеріне барып өткізе алады. Мұның бәрі уақытша шара. Төтенше жағдай қалпына келген соң әуе қатынасы жалғасатын болады.

Диктор:

- Елімізде Президент жарлығымен енгізілген төтенше жағдайға байланысты Маңғыстаудағы мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарда жұмыс тәртібі өзгерді ме?

Талғат Исламұлы, тілші

- Бірер күн бұрын Нұр-Сұлтанда өткен жиында Президент Тоқаевтың төтенше жағдай режимінде қоғамның тіршілігін қамтамасыз ететін, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті бақылайтын мекемелердің және квазимемсектор қызметшілерінің 70%-ін қашықтан жұмыс істеуге көшіруді тапсырғаны мәлім.

Маңғыстау өңірінде үш мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Қашықтан жұмыс істеуге көшірілетін мамандар тізімін жасақтаумен аймақтық Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент айналысуда. Бүгін-ертең бұл ақпарат облыс әкімінің қарауына берілуі тиіс деп күтілде.

Тақырыпқа қоса кетейін, вирустық инфекцияның таралуын тоқтату үшін азық-түлік, киім-кешек және құрылыс материалдары сатылатын сауда орындарында әр екі сағат сайын санитарлық және дезинфекциялық шаралар жасалуда. Ақтауда 14 базар бар. Осы дүйсенбіден бастап олардың жұмыс кестесі қысқарды. Яғни, тұтынушыларды күндізгі сағат 11:00-ден бастап 17:00-ге дейін қабылдай алады.

Хабар 24 телеарнасы