445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда адам көп жиналатын орындарға рейдтік тексерулер жүріп жатыр

  • 71
  • UPD: 15:06, 19.03.2020

Президент жарлығына сәйкес, дәмхана-мейрамханалар мен көңіл көтеру орындары кешкі сағат 22:00-ден кейін түгелдей жабылуы керек.

Бұл туралы шағын және орта бизнес субъектілеріне алдын ала хабарландыру берілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талғат Исламұлы, тілші:

- Алғашқы рейд 70-тен астам нысанды қамтыды. Оның аясында заңға бағынбаған 14 жеке кәсіпкер анықталып, ескерту жасалды.

Мына дәмхана іші бос, бүгін тапқан табысын санап болған кәсіпкер үйіне кеткелі тұр екен. Ал жақын маңда тұрған келесі нысанда адамдар алаңсыз кешкі асын ішіп отыр. Көңіл көтеру орнының иесі Президент жариялаған төтенше жағдай жөнінде хабардар, бірақ өзіне ешқандай хат келмеген соң жұмысын жалғастыруды шешкен.

Өкілетті органдар өкілдерінен құралған бес жұмыс тобы осылайша, әр шағын ауданды түгелдей аралап шықты. Рейдтік тексерулер Ақтауға қарайтын Өмірзақ, Приозерный ауылдарын да қамтыды. Ашық тұрған 14 жеке нысан иесіне ереже түсіндіріліп, жабылуына 15 минут уақыт берілді. Тәртіпке бағынбаған бір кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды.

Рейдтік тексерулерден жастардың сүйікті орындары – түнгі және компьютерлік клубтар мен бильярд залдары да тыс қалған жоқ. Мына компьютерлік клубтың басқарушысы да соңғы өзгерістерден бейхабар болып шықты. Ескерту беріліп, залда отырған адамдар сыртқа шығарылды.

Иван Мальцев, компьютерлік клубтың басқарушысы:

- Әртүрлі ақпарат кешелі бері тез тарап жатыр. Расын айтсам, әлгі ережемен әлі танысқан жоқпын. Жаңалықтарды қарап отыруға да уақыт болмай жатады. Өкілетті органдардан арнайы адам келіп, ескерту бергенді клуб бүгінде  жабық болатын еді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ақтауда 220-дан астам көңіл көтеру орны бар. Тым кеш уақытта жұмыс жасауына караоке-барлар, букмекерлік орталықтар мен фитнес залдарға да рұқсат жоқ.

Серік Гусман, қала әкімінің орынбасары:

- Кафе, ресторан, барларымыздың жұмыс жасауы кешкі сағат 22:00-ға дейін шектелген. Сол шектеуді бүгін қарап тексеріп келе жатырмыз. Қазіргі таңда 80%-і заңға сәйкес өз шараларын алып, осы субъектілер жабық. Жасап жатқан орталықтар бар негізінен шағын кафе, барлар. Оларға ескерту жасалды. Біздің көзімізше кафе-барларын жапты. Алдағы уақытта осы жұмыстар жалғасады. Қадағалаймыз, тексереміз.

Қала аумағында рейдтік тексерулер бір айға жалғасады. Ескертуді елең қылмай, жұмысын жалғастыра берген қоғамдық нысан иесіне заңның 476 бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы