448,38 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда тағы бірнеше тұрғын үй карантинге алынды

  • 100
  • UPD: 20:14, 20.03.2020

Алматыда блок бекеттер қойылғалы, яғни, 19 наурыздан осы уақытқа дейін 27 мыңнан астам адам қаладан шыққан, ал кіргендері – 47325.

Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Індеттің таралуын тежеу үшін бүгін қаладағы бірнеше үйде карантин жарияланып, олар оқшауланды. «Хабар 24» тілшісі Ұлан Нарынбек сол үйлердің бірінің маңынан тікелей байланысқа шықты.

Ұлан Нарынбек, тілші:

Бүгін Алматы қаласында үлкен бір тұрғын үй кешені оқшаулауға алынды. Менің ту сыртымда көрініп тұрған көп қабатты ғимаратта қанша адам тұратыны туралы әзірге ақпарат берілген жоқ. Бұдан өзге тағы Гоголь, Қонаев, Жароков көшесі мен Алтай-1 ықшам ауданындағы бір үй карантинге алынды. Бірақ қанша адамнан коронавирус инфекциясы табылғаны, қанша адамның ауруханаға карантинге орналастырылғаны туралы мәлімет жоқ. Біз Гоголь көшесіндегі 75 үйдің тұрғыны, үй карантинінде отырған Индира Хаметчина есімді адаммен байланыса алдық. Енді Индираның сөзін тыңдап көрейік.

Индира Хаметчина, қала тұрғыны:

Карантин кезінде қалай жүріп-тұруымыз керек екені туралы нұсқаулық берді. Біз тамақты тапсырыс беру арқылы, үйдің қасына қойылған бақылау бекетінен ала аламыз. Бірақ ол жерге бетпердесіз баруға және бір-бірімізге жақындауға болмайды. Туған туыстарымыз, достарымыз сәлемдеме беріп жібере алады. Аулада бетпердемен аздаған уақыт серуендеуімізге болады. Бірақ қоршалған аумақтан сыртқа шығуға рұқсат етілмейді. Ешкімді үйімізге кіргізуге және бір-бірімізге қонаққа баруға құқымыз жоқ. Осы ережелерді сақтауымыз керек. Егер талапты сақтамасақ, айыппұл салынады. Тіпті бірнеше тәулікке қамауы да мүмкін.

Қазір карантинге алынған барлық үйлерді полиция қызметкерлері мен сарбаздар күзетуде. Жалпы Әкімшілік полиция басқармасының айтуынша, карантин енгізілгелі бері қала көшелеріндегі көлік саны 3-4 есе азайған. Бұл барлық көлік қаладан шығып кетті деген сөз емес. Мүмкіндігі бар азаматтар еңбек демалысына шығып, көпшілігі қашықтан жұмыс істеуге ауысқан.

Хабар 24 телеарнасы