413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы үндеуі: кәсіпкерлер қомақты қаражат аудара бастады

  • 349
  • UPD: 21:52, 20.03.2020

Қазіргідей коронавирус қысқан шақта кәсіпкерлердің көмегі ауадай қажет.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалтасы қалың қазақстандықтарды мәрттік танытуға шақырды.

Осы бастамадан кейін арнайы құрылған қорға қаржы құйып жатқан кәсіпкер көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аты жаман ауру апшыны қуырып барады. Індеттің ілмегіне ілінгендер күн сайын көбейіп жатыр. Әлемде қауіпті вирус жұқтырғандар саны 250 мыңға жуықтады. Солардың 10 мыңы ажал құшқан. Кесел біздің елді де айналып өтпеді. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы:

Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын. Ел билігі коронавирустан қорғану үшін оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда торықпаған ел – қазір де қаймықпауы қажет. Бізге керегі – жұдырықтай жұмылып, осы кеселге қарсы тұру. Ол үшін билік тарапынан қойылып жатқан шектеулерге түсіністік танытып, дәрігерлердің кеңесін екі етпеу керек.

Дастан Көшербаев, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы басшысының орынбасары:

- Әрине, мемлекет азық-түлікпен, қажетті заттармен қамтамасыз етуді қолға алып отыр, бірақ соған қарамастан бір-бірімізге осындай қолдау, көмек күштерін беріп отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Мемлекет тұрғындарды азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Бұл істен қалтасы қалың қаржыгерлер де қалыс қалмауы керек. Елбасы халыққа үндеуінде кәсіпкерлерді жомарттық танытуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы:

- Отандық бизнес өкілдерін жалдамалы қызметкерлерді жұмыстан шығармауға шақырамын. Сіздер жұмыс орындарын сақтау арқылы қоғамға қамқорлықтарыңызды көрсетесіздер. Еліміздің кен өндірісі мен шикізат ресурстарын өңдеу және өнеркәсіп саласындағы ірі инвесторлар да Үкіметпен, әкімдіктермен бірлесе отырып, өздері жұмыс істеп жатқан өңірлердің тұрғындарына қолдау көрсетуге тиіс.

Анна Альшанская, ҚР Президенті жанындағы қсзи бас ғылыми қызметкері

Тап қазір адамдардың жұмыссыз қалмауы өте маңызды. Әлеуметтің әлжуаз топтарына көмек көрсету мәселесі де күн тәртібінде тұр. Елбасы халыққа үндеуінде республикалық қор құру туралы бастама көтерді. Кәсіпкерлерді осы игі іске жұмылуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Тұңғыш Президент қорынан және «Nur Otan» партиясынан 350 млн теңге ақша бөлінген. Бұл қаражат елордадағы және Алматы қаласындағы тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға жұмсалады. Жауаптылар көмек көрсетуге кірісіп те кеткен.

Бекжан Садықов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:

Коронавирустың кесірінен елдің әлеуеті біраз әлсіреуі мүмкін. Әсіресе, тұрмысы төмен отбасылар қиын жағдайда қалады. Осыны ескерген Елбасы Тұңғыш Президент қоры және «Nur Otan» партиясы жағдайы жұтаң жандарды қолдау үшін қомақты қаражат бөлу керек деген тапсырма берді.

Елбасы халыққа үндеуінде республикалық қор құруды ұсынды. Түс ауа елдегі кәсіпкерлер осы қорға қаржы аудара бастады. Қазірдің өзінде 2 млрд теңгеге жуық қаражат жиналған. Нұрсұлтан Назарбаев елдің саулығы үшін аянбай еңбек етіп жатқан жандарды да қолдауға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біз пандемиямен күрестің «алдыңғы шебінде» жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлерді қолдауымыз керек. Олардың иығына ауыр жүк түсіп, зор жауапкершілік артылып отыр. Жұртшылықтың оларға көмектесіп, түсіністік танытуға және барлық нұсқауын жауапкершілікпен орындауға тырысқаны жөн.

Таисия Мармонтова, ҚР Президенті жанындағы МБА дипломатия институтының профессоры:

- Осындай қысылтаяң шақта экономика шатқаяқтамау керек. Ол Үкімет тиісті шаралар қабылдап жатыр. Кесел қаупі сейілген соң барлығы қалпына келеді дегенге кәміл сенемін. Жағдайды дұрыстауға мемлекеттің шамасы жетеді.

Вирустың емі бар. Тәртіп пен тазалық. Бірлік пен сабыр. Қазақстан осыны ұстанса, қауіпті кеселді сөзсіз ауыздықтайды. Қазір барлық мемлекет қиын жағдайда қалды. Елбасы осындай жауапты кезде – жұртты жауапсыз болмауға шақырды. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы