448,52 487,00 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысы аумағындағы бақылау-өткізу бекеттерінде де жұмыс қызып тұр

  • 89
  • UPD: 21:44, 20.03.2020

Тәртіп сақшылары мен дезинфекция орталығының мамандары 3 күнде облыс аумағына кірген 4 мыңға жуық көлік құралы мен 10 мыңнан астам адамды тексерген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Түркістан қаласынан батысқа қарай 40 шақырым қашықтықта орналасқан Сауран бақылау-өткізу бекеті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің Қызылорда облысымен шектесетін бөлігі. Өңірдегі негізгі күре жол болғандықтан, мұнда күніне 500-ден аса көлік құралы өтеді. Тәртіп сақшылары 3 күнде 1500-ден астам көлікті тоқтатып, 4 мыңға жуық жолаушының дене қызуын тексерген.

Ербол Мырзабай, жалпы тәжірибелік дәрігер

Түркістан қалалық емханасы барлық қызметкерлерді медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Ауысыммен жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда бірнеше дене қызуы жоғары жолаушылар тіркелді. Бірақ олар шетел азаматтарымен байланыста болмаған. Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жіберілді. Қауіп тудыратындай жағдай тіркелген жоқ.

Жалпы мұндай бақылау-өткізу бекеті облыс аумағында екі жерде орналасқан. Бірі осы Сауран бекеті болса, екіншісі Жамбыл облысымен іргелес Шақпақ бекеті. Бекеттер тәулік бойы жұмыс істеуде.

Алмасбек Тастанбеков, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

- Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, олар дене қызуын, біз көлік құралын тіркеп жатырмыз. Шақпақтағы бекетте өңіріміздің шығыс жағынан келетін көліктер тіркеліп жатыр. Бекет күндіз-түні қызмет атқарады. Әрқайсында полиция қызметкері, арнайы жасақтар, жол-патрульдік полиция қызметкерлері де бекетте қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жатыр.

Жалпы тәртіп сақшылары мен дезинфекция орталығының мамандары 3 күнде облыс аумағына кірген 4 мыңға жуық көлік құралы мен 10 мыңнан астам адамды тексерген. Бұл жұмыстар жалғаса береді. Бүгінге дейін облыс аумағында 400 мың шаршы аумақ зарарсыздандырылған. Оның ішіне мектеп, балабақша, базарлар мен тамақтану және қоғамдық орындар бар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы