447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда коронавирустың 10 ошағы анықталған

  • 262
  • UPD: 23:45, 20.03.2020

Карантинге жабылған Алматыда қауіпсіздік пен сақтық шаралары барынша күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індеттің кең таралмауы үшін 22 наурыздан бастап қалаға кіріп-шығатын жолдар түгелдей жабылады. Қазір қалада вирус жұқтырған адамдар тұрған бірнеше үй оқшауланды. Мұнда арнайы тексеру нәтижелері бойынша вирустың 10 ошағы анықталған.

Алматыда күн сайын коронавирус жұқтырған адамдар анықталып жатыр. Әлеуметтік желілердегі желдей ескен сан-алуан ақпараттың рас-өтірігін де ажыратып алу қиын. Бірақ қала әкімдігінің баспасөз қызметі барлық ақпаратты сараптап, ресми деректерді хабарлап жатқанын айта кетейік. Ал бүгін қалада карантинге және 5 көп қабатты үй алынды. Екі аптаға оқшауланған үйлердің тұрғындарын дәрігерлер толық тексеріп, дезинфекция жүргізеді. Тұрғындардың далаға шығуына немесе қонақ күтуіне болмайды.

Ерлан Қожағапанов, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Техниканың барлығын ол жерге қою қажет пе, қажет емес пе соның барлығын қазр қарап отырмыз. Мүмкін біз үйдің кварталдың барлығын қорғамай, бір подъезді қорғайтын шығармыз. Қазір соның барлығы штатта қарастырылып жатыр

22 наурыздан бастап қалаға кіріп-шығатын жолдың барлығы жабылады. Соңғы екі тәулікте шаһардан 15 мыңға жуық автокөлік шықса, 20 мыңнан астам көлік кірген. Жалпы қаладағы 27 блок-бекет қатаң режимде жұмыс істейді. Ал, іргелес ауылдарда тұрып, қалаға жұмысқа қатынайтындар қатынайтындар жұмыс орнында қалуға мәжбүр.

Индира Алшынбекова, облыстық көп салалы клиникалық аурухана қызметкері:

- Дәрігерлер мен мейірбикелердің қонақ үй, пәтер жалдауға жағдайлары жоқ. Сондықтан да бөлімшелерде бір-бір палаталардан босатылып, қызметкерлер жатады, сөйтіп қонып істейді.

Жандос Мұратәлиев, қалалық полиция департаментінің басқарма басшысы:

- 22-інен бастап біз толығымен жабамыз. Бірақ азық түлік көліктері, тазалық және коммуналдық көліктер кіріп-шығаруға рұқсат болады.

Күре жолмен қатар темір және әуе жолы арқылы барыс-келіс те шектеледі. Қазір Алматы әуежайы жаңа жұмыс кестесіне ауысуға дайындалып жатыр. Екі сағат сайын ғимаратта санитарлық тазалық жасалады. Екі күннен кейін ішкі рейстер тоқтатылады. Тек шетелде келетін әуе борттарын қондыруға рұқсат. 

Азизжан Якупов, Алматы әуежайындағы полиция бөлімшесінің аға инспекторы

Әуежайда ұшақ билетін ауыстыруға келушілер арасында алаңдаушылық туындады. Басқа қалаға кеткісі келгендер үйлеріне дер кезінде жете алмаймыз деп уайымдайды. Дегенмен, біз барлығын  сабырға шақырамыз. Әзірге әуежай бекітілген кесте бойынша жұмыс істейді. Ішкі рейспен келіп-кетушілерге Алматы әуежайы жабылатындығын ескертіп жатырмыз.

Бүгін белгілі болған үш науқастың бірі шетелден келген азаматтармен байланыста болған әйел. Ал, екінші науқас 12 наурызда Алматыға «Берлин – Алматы» әуе чартерімен ұшып келіп, карантиндік бақылауға алынған ұшақтың борт серігі. 1997 жылы туылған үшінші ер адам 19 наурыз күні түнде «Париж – Минскі – Алматы» рейсімен ұшып келген.

Тілеухан Әбілдаев, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

- Бұл стационарда жатқан аурулардың вирусқа қарсы симптоматикалық терапия емдерін алуда. Ем қорытындысы бойынша ем ағымында денсаулықтары жақсарып келе жатқаны байқалады. Олардың дене қызуының қалыпты жағдайға түскендігі анықталды.

Қазір қалада медициналық бетперде табу қиын. Дәріханалардың көбінде мүлдем жоқ. Асхана мен мейрамханалар есіктерін тарс жауып, жұмысшыларын уақытша еңбек  демалысына жіберді. Дегенмен, қажетті асыңызға телефонмен немесе онлайн жүйесі арқылы тапсырыс бере аласыз. Үйіңізге дейін жеткізіп беретін қызметтердің дәурені жүріп тұр. Бұдан бөлек ірі сауда кешендері де жабылды. Қалада көзге үйреншікті болған көлік кептелісі мүлдем жоқ. Нөпір көлік саны 3 есеге азайған. Көшеде серуендеп жүрген адамдар да сирек. Дегенмен, жалпы жұрттың көңілі алаң болғанымен, аурудың таралауы аяқталып, жақсы күннің келуін асыға күтеді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы