432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада үйге тамақ тасушы курьерлердің жұмысы қызды

  • 540
  • UPD: 11:28, 21.03.2020

Елордадағы қоғамдық тамақтану орындары «үйге дейін жеткізу» қызметіне көшті. Карантин режиімінің талабы осындай. Мейрамхана мен дәмханалардың ас мәзіріне үйренгендер амал жоқ үйге алдырта бастады. 

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Елодадағы мейрамханалар мен дәмханалар босап қалды. Ешкім келмейді. Қожайындарының айтуынша, үйге тапсырыс беретіндердің саны артқан. Яғни курьерлердің жұмысы қызған.

16 жылдық тәжірбиесі бар аспаз Ербол Құсайынов кезекті тапсырысты дайындап жатыр. Саңырауқұлақ пен тауық еті қосылған кеспеге қаймақ құйып, бабын келтіріп пісіруде. Енді клиенттерінің көбі дәмханаға келе алмайды. Айтуынша, тапсырыс екі есеге көбейген. Дәмхана қызметкерлері жағдайды түсінеді. Әркім өз міндетін бұлжытпай орындап жатыр. Бұл дәмхана ескі бағаны ұстауға тырысқанымен көтерме сауда жасайтын дүкендер азық-түлік бағасын көтеріп жіберген.

Ербол Құсайынов, дәмхананың бас аспазы:

- Бізге заказ келді, қазір бәрін көресіз. Одноразовый ыдысқа салып, курьермен кетеді. Әжептәуір көбейді.

- Үлгіріп жатрысыздар ма?

- Үлгіріп жатырмыз.

Сонымен дәмді ас дайын. Қорапшаға салып, даяшыға береді. Енді үйге дейін жеткізушінің кезегі. Айтпақшы, бір тапсырысты дайындап болғаннан кейін үстел мен ыдыс-аяқ арнайы сұйықтықпен сүртіледі.

Ал курьер Манастың жұмысы тіпті қауырт. Бұрын бір өзі 15 үйге тамақ апаратын болса, қазір 25-30 адамның тапсырысын орындайды. Қалада бұрынғыдай кептеліс жоқ. Өз көлігімен айтылған мекен-жайға тез жетеді.

Манас Наурызым, жеткізуші :

- Заказдың бағасына қоса доставканың бағасы бар. Доставка бізде қазір 550-600 теңге болады. Қазіргі кезде әр аудандарға тапсырыстар келеді. Жүріп жүрміз, барамыз. Тапсырыстардың бағасы қазір 0 теңге болды. Бірақ барып жүрміз, апарып жүрміз.

Яғни курьерлердің көбі қазір тамақты жеткізгендері үшін тұрғындардан ақша алмайды. Мейрамхана мен дәмхана қосатын процентке жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ олар санитарлық талапты орындауға міндетті. Бетперде мен арнайы қолғапты шешуге болмайды. Тамақты тапсырыс берушінің қолына ұстатпайды. 

Темірлан Әбішов, қала тұрғыны:

- Қазір әр адам сақтанып жүруі тиіс. Үйден шықпаған дұрыс. Сондықтан осылай тамақты үйге алдырттық. Екі аптадан бері үйдеміз. Көп ешқайда шықпауға тырысамыз. Тек дүкенге барып келеміз. Қоқыс төгуге шығамыз. Бәрін дер кезінде жеткізеді, рахмет.

Қазір қалада жеткізушілердің саны бірнеше есеге артты. Тұрғындар тек азық-түлік, дайын тағам емес, өзге де тұрмысқа қажетті заттарды үйге алдыртып жатыр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы