426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Birgemiz: ірі бизнес өкілдері игі бастамаға үн қосты

  • 467
  • UPD: 01:49, 22.03.2020

Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорына 41 млн доллар жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ірі бизнес өкілдері игі бастамадан шет қалмады. Сөйтіп қиын кезеңді көппен бірге өткеруге ниет білдірген.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Әлемге тамырын жайған коронавирус індеті Қазақстанға жетті. Осынау жауапты да қауіпті сәтте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Birgemiz» қоғамдық қорын құруды ұсынды. Отандық меценаттар мен ірі кәсіпкерлер игі бастаманы қолдай кетті. Нәтижесінде қазірдің өзінде 41 млн доллар жиналған.

Айдос Үкібай, ҚР Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы:

– Қазақстандықтар тағы бір мәрте бірлік пен қажымас қайрат танытып, жақынына жәрдемдесуге және қиын кезеңді бірге өткеруге дайын екенін көрсетіп отыр.

«ERG» компаниясы мен «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы және Тимур Құлыбаев қорға 10 млн доллардан салса, Айдын Рахымбаев, Кеңес Рақышев, Рашид Сәрсенов, Александр Клебанов пен Александр Белович те қомақты қаржысын аямаған. «Қуатты компания мен алып ел күш біріктірсек, бұл қатерді де еңсере аламыз» дейді олар.

«ERG» компаниясы:

«Президент пен Үкімет қолға алған шаралар кешенін демеуге бағытталған бұл бастаманы қолдау ретінде ERG 4,5 млрд теңге бөліп отыр. Өйткені біздің қоғамның әлеуметтік саласына қосылған әрбір үлес кәсіпкердің қайырымдылық миссиясы мен міндеті ғана емес, келешекте бизнестің орнықты дамуына құйылып жатқан берік іргетас».

Осылайша, мемлекет пен бизнес коронавирусқа бірге қарсы тұрмақ. Айдос Үкібайдың айтуынша, жиналған қаражат Мемлекеттік комиссияның шешіміне қарай жұмсалатын болады.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы