411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда вирус ошақтары қатаң бақылауға алынды   

  • 242
  • UPD: 00:16, 22.03.2020

Алматыда коронавирустың 10 ошағы анықталып, барлығы оқшауланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар – 8 көпқабатты нысан мен 2 жеке тұрғын үй секторы. Бұл үйлердің тұрғындары 14 күндік карантиндік қадағалауда болады. Бұл аралықта оларға өз аулаларынан басқа жерге шығуға рұқсат жоқ. Карантин енгізілген аймақта атқарылып жатқан жұмыс барысын бүгін аудан әкімдіктерінің өкілдері баяндады.

Қаладағы Гоголь көшесіндегі нөмірі 75 үй. Алмалы ауданына жататын бұл үй Қонаев көшесімен қиылысады. Осы үйдің тұрғыны вирусқа шалдыққан. Қазір оған қаладағы емдеу мекемелерінің бірінде тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жалпы жағдайы қалыпты дейді дәрігерлер. Ал инфекцияның таралып кетпеуінің алдын алу үшін нысан карантинге алынды. Екі сағат сайын аула мен ғимарат іші дезинфекцияланады. Сонымен қатар Алатау ауданында да бір жағдай тіркелді. 9 адам 14 күндік каринтіндік бақылауда.

Азамат Қалдыбеков, Алатау ауданының әкімі:

– Аталған үйде тұратын 9 адам 14 күндік карантинге жабылып, медициналық бақылауға алынды. Төтенше жағдайға байланысты негізгі жұмыстар тұрғындардың үйлеріне бару арқылы жүргізілуде. Оның ішінде жүкті әйелдерді, диспанцерлік науқастарды, балаларды, шетелден келген азаматтарды аралау арқылы бақылауда.

Ал Түркісіб ауданында екі карантиндік аумақ бар. Ол «Алтай» ықшам ауданындағы 8-үй мен «Жас Қанат» мөлтек ауданындағы нөмір 86 үй.

Ермек Беркімбайұлы, Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары:

– Аталған нысан аумағы оқшауланып, қоршауға алынды. Күніне екі мәрте дезинфекциялық тазалау жасалады. Дәрігерлер мен медицина мамандары тұрғындармен үнемі байланысып, хал-ахуалын сұрап тұрады.

Сонымен қатар Медеу ауданында 3 және Жетісу ауданында тұратын бір адамның қауіпті тұмаумен ауырғаны белгілі болды. Қазір науқастар тұрған үйлер де карантиндік бақылау қоршауында. Жетісу ауданы бойынша 77 адам үй жағдайындағы карантинге жабылды. Жалпы қала бойынша барлық үйлердің ауласы мен көшелерде санитарлық тазалық жасалып жатыр. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы