445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы қоғамдық көліктерде жолаушылардың саны 85% азайған

  • 97
  • UPD: 15:57, 23.03.2020

Елордада карантин режимінің енгізілгеніне 4 тәулік болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істеп тұр. Қалған сауда орындары уақытша жабылды немесе жұмыс уақытына шектеу қойылды. Қала маңындағы бақылау-өткізу бекеттерінде де көлік азайған.

№3 бақылау-өткізу бекеті Павлодар бағытына шығатын тас жолдың бойында, Қоянды ауылының тұсында орналасқан. Алғашқы күндегідей емес, көлік азайған. Блок бекетте бақылау күшті. Әскери техника тұр. Азық-түлік таситын машиналар болмаса, қалғанын өткізіп жатқан жоқ. Қала көшелерінде де адам аз. Қоғамдық көліктер жүріп жатыр.

Карантин енгізілген күні елордада қоғамдық көліктердің саны 20 процентке қысқартылды. Мереке күндері тағы 15 проценті шығарылған жоқ. Карантиндік аймаққа кіретін 12 елді мекенге қоғамдық көлік қатынап тұр. Өткізу бақылау бекетінің ар жағындағы ауылдарға автобус жүрмейді. Экспресс бағытындағы автобустар да тоқтады. Елде төтенше жағдай жарияланғалы қоғамдық көліктерде күнделікті дезинфекция жасалады. Санитарлық тазалау шараларын жүргізушілер мен кондуторлардың өздері жасайды. Олардың жұмысы сағат сайын тексеріледі.

Аялдамада автобус күткен адам саны аз. Көзімізге түскен бір-екі адамды сөзге тартқан едік. Кейбір тұрғындардың әлемді алаңдатқан проблемаға бейжай қарайтынын байқадық.

БЛИЦ:

– Автобусқа мінуге мүлде қорықпаймын. Бір нәрсе жұғады деген қорқыныш жоқ. Жалпы алаңдап тұрғам жоқ.

– Қоғамдық көлікке мінуге қорқып тұрғаным жоқ. Сөмкемде қолды заласыздандыратын заттар бар.

Кешеден бері қалада жолаушылардың саны 85 пайызға азайған. Оны бос автобустардан байқауға болады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Дәурен Жұрқабаев

Хабар 24 телеарнасы