435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы өткізу бекетінде жүк көліктері елге өте алмай тұр

  • 124
  • UPD: 18:36, 23.03.2020
БҚО-дағы өткізу бекетінде жүк көліктері елге өте алмай тұр

Ресейдің Самара облысының Батыс Қазақстанмен шектесетін Маштаково өткізу бекетінде жүк көліктерінің 15 шақырымдай ұзын-сонар кезегі пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің редакциямызға қоңырау шалған жүргізушілердің айтуынша, шекара түбінде 350-дей автомобиль тұр. Көлік иелері мұнда бір жарым тәулік уақыт жоғалтқандарын айтады.

«Кезектің пайда болуына қазақстандық бекеттің, соның ішінде Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің баяу қимылдауы себеп», - дейді хабарласқандар. Өз кезегінде аталмыш ведомство өкілдері шекарашыларды кінәлап отыр. Ал 2029 әскери бөлімінің басшылығы қалыптасқан жағдайға қатысты ресми түсініктеме беруден бас тартты. Ол үшін жоғарыдан рұқсат керек көрінеді. Қалай болғанда да, тиісті қызметтердің төтенше жағдай кезіндегі жайбасарлығын тұрғындар түсіне алар емес.

Александр Осипов, көлік жүргізушісі:

- Кеше ьір жарым тәулік шекарада тұрып, қалаға таңмен жеттім. Тазалық-індет басқармасының мамандары жедел жұмыс істеп жатыр. Ал Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері ұйықтап отыр десе де болады. Олардың қызметін кім қадағалайды? Осы төтенше жағдай кезінде қосымша адамдар қосып, жұмыстарын жеделдетуге болмас па екен?

Ерболат Ғайнешев, Мемлекеттік кірістер департаментінің экспорттық бақылау бөлімінің басшысы:

- Әрбір автокөлікке мониторинг жүргізу 2-3 минуттан 7-10 минутқа дейін уақыт қамтылады. Бізге мына шекара аумағына кірген автокөліктер сол мен айтқан уақыт ішінде қамтылып, штаттық түрде жұмыс жүрді. Әрбір жүргізушінің шағымдарын қарауға әзірміз. Біздің өткізу бекетінде сенім телефондары көрсетілген. Соған хабарласып, сол уақытта осындай жағдайлар туындайтыны көрсетілген болса, біз қарауға әзірміз.

Хабар 24 телеарнасы