425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бішкекке ем алуға барған балалар елге арнайы рейспен жеткізілді

  • 363
  • UPD: 16:34, 24.03.2020

Қырғызстандағы Қазақстанның 21 азаматы елге оралды. 21 адамның 10-ы сал ауруына шалдыққан балалар.

Оларды қайтару үшін Қорғаныс министрлігі арнайы рейс ұйымдастырған. Эвакуацияға Қырғызстандағы Қазақстанның дипломатиялық миссиясы мен қырғыз тарабы да көмек көрсетті. Түнде отандастарымыз Бішкектен Атырауға ұшып келді.

Эвакуацияланған балалардың ең кішісі небәрі бір жарым жаста. Үлкені 14-те. Барлығының диагнозы бір - сал ауруы. Отандастарымыз жергілікті клиникада емделу үшін Бішкекке наурыздың басында келген. Алайда коронавирусқа байланысты пандемия кесірінен арадағы әуе сапарлар тоқтатылған. Не істерін білмей әлекке түскен балалардың аналары Қырғызстандағы Қазақстан елшілігінен көмек сұрады.  

Жасұлан Ханалиев, Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің консулы:

- Біз сыртқы істер министрлігіне хат дайындадық. Сөйтіп ондағылар бұл мәселені ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарды. Ал, комиссия бұл жұмысты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министролігіне тапсырды. Ондағылар бір күн ішінде шешім қабылдап, әскери ұшақты жіберуді ұйғарған. Қазір Қазақстан азаматтарының жағдайы жақсы. Олар қажетті емін қабылдай алды. 

Мәселенің қиындығы - қазір Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы әуе қатынасы тоқтап тұр. Тағы бір жайт - отандастарымыз емге қажетті қаражатты төлеп қойған. Сондықтан екі ортада емді тастап кете алмаған. Осы ретте қазақстандық дипломатиялық миссиясы отандастарымызға ұшақ келгенше шетелде жүріп-тұруына қажетті қаржы жинап, барынша қолдау көрсетті.  

Гүлжан Құсайынова, Атырау қаласының тұрғыны:

- Барлық аналардың атынан мың алғыс айтамыз. Басында өзімізді жалғыз қалып қойғандай сезіндік. Алайда Қазақстан билігінің біз үшін алаңдап, қолдау көрсетіп жатқанын түсіндік. Бүкіл аналардың атынан тағы да рахмет айтамын. 

Қазақстандықтарды әкету үшін ұйымдастырылған арнайы бортта бар жағдай жасалған. Яғни тамақтану жағы қарастырылған. Жолда балалардың жағдайын бақылайтын дәрігер де бар. Айта кетерлігі, отандастарымыздың арасында коронавирусты жұқтырғандар жоқ. Талап бойынша енді барлығы карантинге жатқызылып, медициналық текесеруден өтеді.    

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы