412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кеселдің кесірі. Бас қаланың бүгінгі бейнесі қалай?

  • 260
  • UPD: 19:21, 24.03.2020

Көлік сиреді, жүргіншілер де аз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл қазір елордадағы көріністі осылай суреттеуге болады. Карантин жарияланған 6 күннің ішінде қаладағы қарбалас басылып, тыныс-тіршілік бір қалыпқа түсе бастады. 

Нұр-Сұлтаннан Қорғалжынға баратын тас жолдың бойы. Бұл жерде нөмірі 4 өткізу-бақылау бекеті орналасқан. Осыдан бірер күн бұрын мұнда нағыз қарбалас орын алған еді. Қаладан шығатын және қалаға бет алған көлік саны көбейіп, ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Ал қазіргі жағдай мүлде басқаша. Яғни көлік ағыны айтарлықтай азайған. Бекет жұмысы бірқалыпты.

Әсемгүл Қазизова, тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім жетекшісі:

– Бекеттегі қызметіміз жалғасуда. Әр жүргізушінің дене қызуын тексеріп, денсаулығына қатысты ақпаратты білеміз. Жедел жәрдем мамандары қосымша тағы тексереді. Арнайы тәртіп бар. Соның аясында міндетімізді бұлжытпай орындауға тырысамыз.

Бекеттен тек қаланы азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін көліктер өткізіледі. Оның өзінде жүргізушінің растайтын құжаттары болуы керек. Ал қаланың ішіндегі көлік қозғалысы тіптен сирек. Тек дәріхана мен дүкендер жұмыс жасап тұр. Ал басқа қызмет көрсету орындарының есігіне құлып салынған.

Дәл қазір Есіл өзені бойындағы орталық саябақта тұрмыз және айналада мүлгіген тыныштық орнаған. Яғни бірен-саран адам болмаса, әдеттегідей мұнда ағылып жатқан жүздеген яки мыңдаған қала тұрғыны мен қонағы жоқ қазір. Сәйкесінше, осы саябақтағы сауда орындары, сауықтық орталықтар және мейрамханалар жұмысын уақытша тоқтатты.

Коронавирустың алдын алу мақсатында елордада арнайы штаб құрылды. Карантин уақытында олар көшелерге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді реттеумен айналысады.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы