411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы шалғай ауылдарда азық-түлік қоры жеткілікті

  • 164
  • UPD: 21:36, 24.03.2020

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында азық-түлік қоры жеткілікті әрі баға тұрақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны арнайы құрылған топтар бақылауға алған. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жергілікті кәсіпкерлер де тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыларға тегін ұн таратумен айналысып жатыр.

Мешітке келуші жамағат пен тұрғындар да қайырымды шараларды қолға алған.

Аудан орталығындағы ірі сауда орындарының бірінде жапа тармағай азық-түлік алып, кезекте сапырылысқан жұрт көрінбейді. Дүкен иесі де жағдайдың тұрақты екенін айтады. Ең бастысы, бағаны тұрақты ұстауға күш салынып отыр.

Гүлқасым Жанұзақова, дүкен иесі:

– Азық-түлік, тамақтың түгелі жеткілікті деп ойлаймын. Халықтың арасында ешқандай дүрлігу болған жоқ. Бәрі жақсы, баға тұрақты. Жұмыртқаны 30 теңгеден сатып жатырмыз, бағаның өзгергенін көрен жоқпын. Қант бағасы 20 теңгеге көтерілді, басқасы орнында тұр.

Облыс орталығынан 450 шақырымда орналасқан Ақжар ауылында да халық керек-жарағын бұрынғыдай қалыпты алып жатыр. Дүрбелең байқалмайды.

Әдия Нұрханова, ауыл тұрғыны:

– Жаңғызтал ауылынан 7 шақырым жерден келіп, осы жерден азық-түлік алып тұрамыз. Азық-түлік қоры мол, бағалары орнықты, аса қымбаттамаған.

Серікқазы Сәдуақасов, Тарбағатай ауданының әкімі:

– Қалада 100 теңгеге өсуіне байланысты ұнның бағасы – 6300 теңге. Қалған бағалардың түгелі сол бетінде. Кешеден бері күнделікті келіп жатқан бағалардың барлығы өзгеріссіз, 19 түрлі азық-түлік бар, солардың түгелін сол бағамен ұстап тұрмыз. Мысалы нанның бағасы – 80 теңге. Қор құрдық, ең алдымен оған өзіміздің аудандағы үлкен кәсіпкерлер көмектесті. Әр ауылға бүгінгі күні 50 қап, үлкен ауылдық округтерге 100 қаптан Қожахметов Қайрат, Қайнар, Ахметов Қанат көмек жасап отыр. Бұл күнделікті қолдауын табады деп ойлаймын.

Кәсіпкерлерден өзге қоғамдық ұйымдар мен қарапайым тұрғындардың өзі игі бастамаларды қолға алып, қайырымдылыққа ұйытқы болуда.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтін қағиданы ұстанатын тарбағатайлықтар алдымен әлжуаз топтарға көмектесуге бар күшін салуда. Мәселен, Ақсуат ауылындағы колледж студенттері күніне 200 бетперде тігіп, оны халыққа тегін таратып жатыр. Ал мешіт жамағаттары құрбандыққа мал шалып, оның етін тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға үлестіріп берген. Мұндай игі шаралар болашақта да жалғасын таба береді дейді ұйымдастырушылар.

Амангелді Жарасов, Ақжар ауылдық Бәйжігіт баба мешітінің бас имамы:

– Жамағатымыз бастап бүкіл осы Ақжар ауылының жұртшылығы қолдап, құрбан сатып алынып, кеше 2 бас ірі қара шалынды. 70-тен астамы ауылымыздағы мұқтаж адамдарға таратылды. Әлбетте бұл шынында пайғамбарымыз өз хадиісінде айтқандай: «Садақа бәле-жаланың бетін қайтарады» деген екен. «Қандай да бір ауруларыңыз болса, садақа беріп, сонымен емделіңіздер» деген екен. Осындай ізгі ниеттен туындаған нәрсе болатын.

Соңғы мәліметтер бойынша, ауданда 110 тонна ұн, 28 тонна күріш, 100 тонна көкөніс, 45 тонна қант, 8 мың литр күнбағыс майы бар екен. Сонымен қатар атқарушы билік өкілдері мен сауда нүктелері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақты ұстау жөнінде 200-ден астам меморандум жасалған.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы