427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда өзін волонтермін деп таныстырған алаяқ әйел ұсталды

  • 380
  • UPD: 20:36, 24.03.2020
Петропавлда өзін волонтермін деп таныстырған алаяқ әйел ұсталды

Петропавл полицейлері өзін волонтермін деп таныстырып, екі зейнеткерді алдаған қала тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқ әйел егде жастағыларды құрығына түсіріпті. 76 жастағы әжейдің айтуынша, күтпеген мейман өзін «еріктімін» деп таныстырып, Наурыз мейрамын мерекелеуге орай әкімдіктің атынан оған мың теңге тарту етпекші болған. Зейнеткерді бұған қоса азық-түлік пакетінің берілетініне және оны өзі келесі күні табыстайтынына сендірген. Қаскөй әжейге бес мың теңгені беріп, қалған ақшаны қайтарып беруді өтінген. Еш нәрседен күмәнданбаған зейнеткер жалған ақшаны алып, 4 мың теңге қайтарып береді. Бұдан бөлек, әжейдің сеніміне кірген алаяқ одан жалған екі мың теңгені де ұсақтатып алыпты. Дәл осындай жағдайға басқа зейнеткер әйел де тап болған.

Полицейлер алаяқ әйелді іздестіруге жедел кірісті. Тәулік ішінде жедел уәкілдер күдікті 39 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады. Ол бұдан бұрын да осындай қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған екен. Алаяқтық және ұсақ ұрлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Күдіктіге қатысты «міндетті келу» бұлтартпау шарасы тағайындалды.

«Тұрғындарды сақ болу және егде жастағы туған-туыстарыңызға алаяқтардың әрекеті туралы ескертуді өтінеміз. Алаяқтар оңай олжа табу үшін коронавирустың таралуына қатысты жағдайды да өз пайдаларына асырып, түрлі оқиғаларды ойдан шығару арқылы айлаларын жүзеге асыруы мүмкін», – деді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Хабар 24 телеарнасы