445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-ның шалғай ауданында азық-түлік бағасы бақылауда

  • 73
  • UPD: 01:16, 25.03.2020

Батыс Қазақстан облысындағы 5 өткізу бекетінің бірі Жәнібек ауданында орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күні бүгін аудан кәсіпкерлері шекарадан еркін өтіп, көршілес Ресейден азық-түлік өнімдерін кедергісіз жеткізуде. Облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан алыс ауылда тауар тапшылығы байқалмайды. Баға да бірқалыпты. Тұрақтандыру қорынан жеткізілген ұн наубайханаларға тең бөлініпті.

Еліміздің ең батыс нүктесі саналатын Жәнібек ауданында биыл жаз ерте шықты. Қар кетіп, жер кеуіп, тіпті тұрғындар ауыл ішін тазалап та үлгерген. Балалар алаңда алаңсыз асыр салса, үлкендер күнделікті күйбең тірлік жетегінде жүр. Дүкен есіктеріндегі дәкелер мен бетперделер ғана елде төтенше жағдай екенін еске салатындай.

Ақтолқын Сапашева, Жәнібек ауылының тұрғыны:

– Сақтанып жатырмыз, қолымызды жуып, уақытында маскамызды киіп. Өзім «Казпоштада» жұмыс жасаймын.

Ауыл дүкендерінде азық-түлік жеткілікті. Бос тұрған сөрелер жоқ. Қапшықтап тамақ тасып жатқандар да сирек. Тұрғындар тағам түрлерінен ұн мен картоптың қымбаттағанын айтады. 

Эльмира Матаева, ауыл тұрғыны:

– Бітіп жатқанын көріп тұрғам жоқ. Өзгеріс бар бағада. Әртүрлі, кей дүкендер қосқан.

Мақуза Сәрсенова, сатушы:

– Өзгеріс, дүрбелең жоқ. Тауарлар бар. Бағалары өскен жоқ.

Нан бағасын өсірмеу мақсатында тұрақтандыру қорынан 15 тонна астық бөлініп, наубайханаларға, дүкендерге таратылған. Таяу күндері Оралдан өзге де өнім түрлері жеткізілмек. Кәсіпкерлер де қарап жатқан жоқ. Жұмабек Хайролла шекара жабылғаннан кейін алғашқылардың бірі болып көршілес Волгоградтан тауар әкеліпті.

Жұмабек Хайролла, кәсіпкер:

– Шекарадан тек қана жүк көлігінде жүргізуші болып бір адам өтуге рұқсат беріп тұр. Бір адам әрі өтеді, бір адам бері өтеді. Өзім солай барып келдім. Шекара жапқанына үш күн болды, үш күнде азық-түлік бітті десе де болады.

Дәл қазір шекарадан тек жүк көліктері ғана өтеді. Шекарашылардың химиялық шабуылдан қорғаныс костюмдерін киюі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. 

Алмас Сарсалиев, Жәнібек аудандық тауарлар мен көрсетілер қызмет түрлерінің сапасын бақылау басқармасының жетекші маманы:

– Халық азайды. 16 наурыздан бастап жоқ десе де болады. Бұрын қалып қойған адамдар үйлеріне қайтып жатыр. Келген адамдардың бәрінің температурасын өлшейміз. Егер күдікті адамдар жағдайлары анықталса, онда осында оқшаулағыш бар, сол жерге кіргіземіз.

Ал аудандық ауруханада 15 орын әзірленген. Мұнда қаупі мол елдерден келгендер мен күдіктілер карантинге жатқызылмақ.

Азамат Сафималиев,  Жәнібек ауданының әкімі:

– Енді аудан бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Ең басты мәселе, қазір жалпы халықтың арасына дүрбелең жасамау. Барлық азық-түлік бар. Қазір облыс басшысының тапсырмасымен тұрақтылық қорымыздан астық, ұн, одан басқа макарон тағамдарымыз, картошка мәселесі шешіліп жатыр.

Облыстың тұрақтандыру қорында 800 тонна ұн, 500 тонна картоп, 90 тоннадай ет және басқа да әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлері болатын. Тауарлық интервенциямен қатар қазір бағаны өсірмеудің басқа да жолдары билік тарапынан ойластырылуда.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы