445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда іргесіндегі Қосшы ауылында үйлер зарарсыздандырылып жатыр

  • 23
  • UPD: 15:54, 25.03.2020

Нұр-Сұлтанда карантин енгізілгелі жеті күн өтті. Қала іргесіндегі ауылдардың қазіргі жағдайы қандай?

Бүгінде Қосшы ауылында үйлер зарарсыздандырылып жатыр. Бірақ дәріханаларда маска жоқ.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

Елорда іргесінде жатқан Қосшы ауылында бір қарағанда тіршілік қайнап жатқан сияқты. Бірақ бұрынғыдай емес. Көлік нөпірі аз, адамдар да көрінбейді. Барлығы да «сақтық шарасын сақтау керек» дейді.

Нұр-Сұлтан қаласында карантин енгізілгелі жетінші күн. Елорданың өзінде ғана емес, көрші ауылдарда да мүлгіген тыныштық орнаған. Қосшылықтар үйде отыруды құп көреді. Дүкендерде азық-түлік жеткілікті. Үйлер уақытылы зарарсыздандырылады.

Гүлжан Құдысова, ауыл тұрғыны:

- Адамдар маска тағып жүр. Дүкенде жұмыс істеймін. Антисептиктер орнатып қойдық. Бәрі дұрыс.

Дегенмен, дәріханаларда маска мен антисептикалық бұйымдар жоқтың қасы. Тіпті тұрғындар екі дәріхананың жабылып қалғанын жеткізді. Індет өршіп келе жатқанда бұл жағдай әрине таң қалдырады.

Сапар Қалқабеков, ауыл тұрғыны:

Бала-шағамен үйдеміз бәріміз. Маска. Көрдіңіздер қолдан тігіп алғанбыз. Көлік аз ғой, бәрі азайып кетті ғой.

Қосшы ауылы Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстік-батысында орналасқан. Халықтың айтуынша, елді мекенде білім, медицина өзге де салалар дамып келеді. Тіпті жылдың басында ауылдың дәрежесін өзгерту туралы сөз қозғалған. Ендігі меже – халықтың амандығы. Бірақ бейқамдық танытып жатқандар да табылады екен.

Айқын Кәбен, ауыл тұрғыны:

Халықта кішкене бейқамдық бар. Сақтанып, өзін өзі қорғау, оңашалану аздау болып тұр. Осындай сәтте әркім өз-өзіне жауапты болуы керек. Аманшылық болсын. Бәлекеттен сақтасын.

Қосшы ауылы №5 бақылау-өткізу бекетіне жақын орналасқан. Карантин аумағына кіретін ауыл. Сондықтан елордаға еркін барып-қайтуға болады. Бірақ ауыл халқы аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауға бекініп отыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы