411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда коронавирус жұқтырды деген науқастан тағы бір сараптама алынды

  • 175
  • UPD: 20:14, 25.03.2020
Петропавлда коронавирус жұқтырды деген науқастан тағы бір сараптама алынды

Шымкентте коронавирус жұқтырған тағы бір науқас анықталды. Бұл соңғы тәулікте мегаполисте тіркелген екінші жағдай. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында да бір адамнан анықталып отыр. Қазір екі өңір мен Шымкентте инфекциямен күрес жұмыстары күшейтілді. Өңірлер мен қалаларға кіретін жолдарға санитарлық бақылау бекеттері қойылып, жолаушылар жіті тексеріліп жатыр.

Жамбыл облысында COVID-19 індетін жұқтырған науқас қырғыз еліне кептірілген жеміс-жидекке барған. Ол жүк көлігімен көрші елдің аумағына 22 наурызда түнде өткен көрінеді. Жүргізуші Бішкек қаласына 15 шақырым жерден жүк тиеп, кері қарай 23-і күні қайтқан. 29 жастағы азаматтың Шу ауданының тұрғыны екендігі белгілі болды. Ол елге оралғаннан кейін 13 адаммен тығыз қарым-қатынаста болған. Көпшілігі отбасы мүшелері болуы мүмкін. Олар жедел тексеруден өткізіліп, алтауының талдаулары коронавирусқа теріс қорытынды берді. Қалған жеті адам бойынша талдау нәтижесі шыққан жоқ. Тексеру әлі жүріп жатыр. 

Марат Жұманқұлов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Дәлелдеу, зерттеу мақсатында қосымша Алматы қаласындағы вирусологиялық лобараторияға тағы да жіберіліп отыр. Азаматпен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар бүгінде түгелдей анықталды. Олардың барлығы медициналық бақылауда. Тұрғылықты жерінде, ошақтарында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Тиісті шаралар белгіленген алгоритм бойынша жасалды. 

Шымкентте инфекцияны екі адам жұқтырған. Оның біреуі 24 жаста. Ол елордадан 20 наурызда қалааралық автобуспен келген көрінеді. Қазір науқаспен болған барлық жолаушылар өз еріктерімен жедел түрде жергілікті медициналық мекемелерге барып, тексеруден өтуі тиіс. Ал бұған құлақ аспаған жағдайда Төтенше жағдай кезінде өзінің ауырғанын жасырып, өзгелерге вирус жұқтыру Қылмыстық Кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл жөнінде облыс әкімдігі жанынан құрылған ситуациялық орталықта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлім етті.

Айта кету керек, қазір науқаспен бірге Нұр-Сұлтан-Шымкент бағытындағы нөмірі 646 FNB автобуста болған азаматтардың аты-жөндері белгілі. Ал диагнозы бүгін расталған екінші науқас 1970 жылы туған. Ол кешегі коронавирус анықталған азаматтың туған анасы болып шықты. Баласымен тұрмыстық тығыз қатынаста болғандықтан азаматша 24 наурыз күні жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, оқшауланған. Талдау оң нәтиже көрсетті. 

Әбдіманап Төлебаев, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін БД басшысы:

- Онымен байланысқан адамдардың барлығы толық анықталды қазір. Олардың барлығы оқшауланып, үйінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңға сол елді мекенге карантин жарияланады. Бұл дүрбелеңге салатын нәрсе емес. Бұл жағдайдың барлығы қала әкімдігі тарапынан және де министрлік тарапынан толық бақылауда. 

Ал Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған әйел тұрған үйдің подъезі карантинге жабылды. Санитар мамандар зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға кіріп шығуға тыйым салынды. Қазір онда полицейлер кезекшілік етіп отыр. Ал науқастың өзі ауруханада. Одан тағы бір анализ алынып, зертханаға жіберілді. Бұған дейін белгілі болғандай, 27 жастағы азаматша наурыздың 23-і пойызбен Омбыдан Петропавлға ауырып келіп, екінші күні дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бүгінгі таңда онымен қатынаста болған 80 адам анықталды. Олардың арасында шекара қызметкерлері де бар. 

Тимур Сұлтанғазиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы. Дене қызуы түсті. Шағымы жоқ. Онымен қатынаста болған барлық адам анықталып, карантинге жабылды. Олардың анализі зерттеуге алынды.  

Қазір аймақтарда инфекциямен күрес күшейтіле түсті. Шымкентте қалаға кіріп шығатын автожолдарда 12 санитарлық бекет қойылды. Полиция мен медицина қызметкерлері күшейтілген режимге көшті. Жамбыл облысында да 4 жерде санитарлық бақылау бекеттері жұмыс істеп тұр. Коронавирус індетіне қарсы мамандар әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуын өлшеп, сауалнама алынып жатыр. Бұл науқас анықталған жағдайда кіммен қарым-қатынаста болғаны және мекен-жайын бірден анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек 400-ден астам қоғамдық көлік пен 534 аялдама күніне екі рет дезинфекцияланып жатыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы