445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да электр желілері тозып тұр

  • 57
  • UPD: 08:42, 26.03.2020

Шығыс Қазақстан облысында электр желісінің 80 пайыздан астамы тозып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының салдарынан өңірде апаттық ақаулар да жиі тіркеліп жатыр. Кейбір электр станцияларының жөндеу көрмегеніне 40 жылдан асыпты. Аймақтық энергетикалық компания өкілдері мәселеден хабардар. Аталған мекеме бұл сұрақты алдағы бесжылдыққа құрылатын инвестициялық жоспар негізінде шешеміз деген ойда.

Бұл – Белоусовка ауылындағы қосалқы электр бекеті. 70 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Любовь Ломаваның осында қызмет еткеніне 30 жыл болды. Оның айтуынша, бекеттегі бірталай жабдықтың әбден тозығы жеткен. Ескірген қондырғының қызмет сапасына қаншалықты кері әсер ететінін маман жақсы біледі.

Любовь Ломова, аға диспетчер:

– Апаттық ақаулар өте жиі тіркеледі. Осындай көктем мезгілінде тіптен көбейеді. Өйткені кабель каналдары суға толып кетеді. Қосалқы станция жер асты суы өтетін жерге, ми батпақтың ортасына салынған.

Өлкедегі электр желісінің жалпы ұзындығы 37 мың шақырымнан асады. Соның 90 пайызы аймақтық энергетикалық компанияға тиесілі. Аталған мекеме басшылығы мәселеден хабардар. Ескірген желілердің кесірінен апаттық ақаулардың артып келе жатқанын да жасырмады.

Елтай Жұмабаев, АЭК бас инженерінің орынбасары:

– Апатты ажыратуылар саны өсіп келеді. 2017 жылы 1977 рет болса, 2018 жылы 2044 рет болды. Мұны салыстырмалы айсақ, 3 процентке өсіп отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан бұл жағдайды әрі қарай түземесе, ушығуы мүмкін.

Ең ірі аймақтық энергия жеткізуші кәсіпорын өкілдері тозған желілер мен ескірген жабдықтарды жөндеудің жолдарын қарастырып жатырмыз дейді.

Ирина Глибина, АЭК басқарма төрағасының орынбасары:

– Облыстың климаттық жағдайы да, географиялық сипаты да қиын. Тау мен өзен арасын аралап кеткен желілер бар. Сондай жердегі әбден ескірген желілерді жөндеу мамандарымызға да оңай емес.Бірақ қарап отырған жоқпыз. Компанияда ауқымды аудит жасалды. Соның негізінде алдағы 5 жылдықтың жоспарын құрамыз. Онда барлығы қарастырылады.

Аталған жоспарда тарифті көтеру мәселесі де қарастырылуы мүмкін. Тұтынушыларға түсер салмақты жеңілдету үшін банктер арқылы несилендіру жүйесін қолдану да ойда бар дейді компания жетекшілері. Ал облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы болса өңірде 130 шақырым жаңа электр желісі тартылатынын мәлімдеді. Алайда бұл – мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылатын шаруа.

Нұрлан Рамазанов, облыстық энергетика және ткш басқармасы басшысының орынбасары:

– Таяу жылдары 130 километрден асатын электр желісінің құрылысы басталмақ. Оның 77 шақырымы кәсіпкерлік субъектілерді қолау үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Қалғаны елді мекендер мен туристік саланы қамтиды.

Осылайша, жауапты компания өкілдері алдағы бес жылдық жоспар негізінде ғана түбегейлі модернизация жасау қолға алынады дейді. Сол кезде қажетті қаражат мөлшері де анықталмақ.

Авторлары Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы