427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АӘК алатын ақтөбелік отбасылар жеке кәсіптерін ашып жатыр

  • 387
  • UPD: 14:15, 26.03.2020

Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында кәсіп бастаған ақтөбеліктер көпке үлгі көрсетіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Қобда ауданында соңғы бір жыл ішінде ұсақ және ірі қара мал алған 200-ге жуық отбасы тұрып жатыр. Мемлекеттің қолдау шараларын ұтымды пайдаланып, тұрмысын түзегендердің кейбірі енді қожалық құрмақ. Кәсібін дөңгелеткен азаматтарға жергілікті билік те қолдау көрсетуге дайын. 

Қойлары қоздап, малының басы арта бастаған Нұргүл Жаубатырова бүгінгі тірлігіне риза. Себебі қорадағы ұсақ жандық табанды еңбектің арқасында келген еді. Нақты айтқанда, былтырдан бері көп балалы отбасына берілген атаулы әлеуметтік көмектің бір бөлігі ай сайын мал алуға жұмсалған. Нәтижесінде, өткен күзде 20 бас қой мен жеткілікті деңгейде жем-шөп жиналды. Сөйтіп өзі шаштараз, ал жолдасы такси жүргізушісі болған отбасының тұрмысы жақсара түсті. 

Нұргүл Жаубатырова, Қобда ауданының тұрғыны:

– Төрт баланың киімі, тамағы бар. Бірақ атаулы әлеуметтік көмектен түскен ақшаға мал алып жатырмыз. Енді әрі қарай ірі қараны да аламыз ба деген ой бар.

Өткен жылы Қобда ауданында 280-нен астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, оның 192 қосалқы шаруаларын дамыту үшін ірілі-ұсақты мал алған. Қыстан түлетіп шығарғандардың арасында алдағы бірер жылда қожалық құрмақ ойлары бар. Жергілікті әкімдік те өтінішті қабылдап, қарауға дайын. Қазір аз қамтылған отбасылармен де жұмыс қарқын алған.

Қуаныш Бегалиев, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– 2020 жылы тек қана 100 отбасы ғана атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл да жеке шаруашылығын дамытудың нәтижесінде болып отыр. Сонымен қоса, 70 азаматты тұрақты жұмыс орындарына орналастырдық. Сонымен қатар 16 аз қамтылған отбасы мемлекеттік грантқа ие болып, 505 мың теңгеден алып, олар өздерінің жеке кәсіптерін ашты.

Биыл атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатары азайды дейді мамандар. Бұл тағайындау ережесіне енгізілген өзгерістермен байланысты көрінеді. Оған сәйкес, көмекке жүгінген отбасының бір мүшесі жұмыспен қамтылуы тиіс.

Автролары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы