427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Төтенше жағдай кезінде 1,5 млн адамға әлеуметтік жәрдемақы төленеді

  • 655
  • UPD: 20:50, 26.03.2020
Төтенше жағдай кезінде 1,5 млн адамға әлеуметтік жәрдемақы төленеді

Төтенше жағдай кезінде 1,5 миллион адам тиісті әлеуметтік төлемақысын алады.

Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев брифинг барысында баяндады.

Бұл ретте Еңбек және әлеуметтік қамту министрлігі арнайы жарлық шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік төлемақы мөлшері қандай? Және оған қай топтар қол жеткізе алады?

Коронавирустың таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдайда қоғамның әлжуаз топтары қолдаусыз қалмайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуынша, тиісті әлеуметтік жәрдем мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінеді.

Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Төлем екі түрлі болады. Бірінші төтенше жағдайға байланысты ақысыз еңбек демалысына шыққандарға. Оның көлемі айына 42 мың теңге. Бұл ұсақ және орта бизнестің қызметкерлері болуы мүмкін. Олар соңғы жылы мемлекеттік қорға үш рет аударым жасаған болуы қажет. Қажетті өтінімді жұмысшы емес, жұмыс беруші жасайды. Өтінімді аудандық және қалалық жұмыспен қамту штабтарына беру керек.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Айта кетерлігі, мұндай төлемдер төтенше жағдай аяқталғанға дейін бөлінеді. Ал, әлеуметтік қолдауға зәру екінші топ – осы кезде жұмыссыз қалған азаматтар. Олар табысының 40%-тік мөлшеріндегі жәрдемақыға жарты жылға дейін иек арта алады. Ол үшін Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген абзал. Өтінімді онлайн жүйесі арқылы беруге болады. Қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкендерге еңбекақы қалай саналады? Осы жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілінен телефон арқылы сұрап білген едік.

Бауыржан Бейсенбаев, Еңбек заңнамасын қадағалау басқармасының басшысы:

- Бұл кезде жалақы жұмыс кезінің нақты орындалған уақыты бойынша, яғни мысалы жұмыс уақыты 9:00-ден басталып, 18:30-да болған жағдайда 8 сағаттық жұмысы үшін орташа жалақысын алады, жасаған уақыты үшін.

Бір сөзбен айтқанда, төленетін жалақы атқарылған жұмыс сағатына қарай бағаланады. Ең бастысы, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмысшының құқығы толығымен сақталуы тиіс. Яғни, бекітілген ереже бойынша жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан кем емес болуы тиіс.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы