435,87 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы алдын ала хабарлау тәртібі енгізіледі

  • 71
  • UPD: 23:05, 26.03.2020
Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы алдын ала хабарлау тәртібі енгізіледі

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сай енді бейбіт жиналыстарды өткізу туралы алдын ала хабарлау тәртібі енгізіледі. Жаңашылдықтардың бірі – егер жергілікті билік митинг туралы хабарламаға жауап бермесе, ол автоматты түрде келісілген болып шығады. «Қазіргі құжатта ең бастысы – бейбіт жиынға қанша адам қатысатынын, қандай мәселе болатынын және қайда өтетінін алдын ала ескерту қажет. Тағы бір ерекшелігі – ұйымдастырушылар мен қатысушылардың мемлекеттік органдардың жауапкершілігі қаралып, журналистердің құқықтары мен міндеттері белгіленіп отыр. «Осының барлығы мемлекет, қоғам үшін өте қажет», - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Бұдан бөлек, митингтерге тыйым салу не тоқтату туралы шешімдер негізсіз болмауы тиіс. Ол үшін арнайы талаптар тізімі жасалмақ.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы

- Осы бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне Мәжілісте енгізілген өзгерістер ең алдымен мемлекеттік органдардың халықпен байланысын күшейтуге ықпал етеді. Ол біріншіден. Ал, екіншіден, азаматтардың кез келген мәселені ашық және еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері, «Nur Otan» парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин фракция мүшелері атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирустың таралуына қарсы тапсырмалары мен төтенше жағдай кезінде тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша іс әрекеттеріне қолдау білдірді. Ол Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы барлық тапсырмаларын орталықта да, жергілікті жерлерде де нақты орындау қажеттігіне баса назар аударды. Мәжіліс төрағасының айтуынша, «Nur Otan» фракциясы заңнамалық деңгейде елдің дағдарыстан кейінгі даму жоспарының іске асырылуына белсенді қатысады.

Хабар 24 телеарнасы