447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда бір көпқабатты тұрғын үй карантиннен алынды

  • 51
  • UPD: 22:43, 26.03.2020

Өткен түні Алматыда тағы бір үй оқшауландырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қонаев көшесінің бойындағы 62-ші үйде бір ғана кіреберіс бар. Сондықтан бұл көп қабатты үйдің барлық тұрғындары ешқайда шыға алмайды немесе сырттан ешкім кіркізілмейді.

Айта кету керек, бұл қаладағы коронавирус ошағы деп табылған 16-шы үй болды.

Алуа Маханбет, тілші:

- Кеше таңертең жұмысқа кетіп, түнгі кезекшілікте болған Санжар Бегедаев, бүгін өзінің пәтеріне тек құжаттарын көрсеткенде ғана кіремін деп ойламаған да шығар. Себебі, кеше кешкісін бұл үй карантинге жабылды. Тұрғындардың айтуы бойынша, шетелден ұшып келген көршілерін кеше түнде жедел жәрдем қызметі алып кеткен. Бір ғана кіреберісі бар көпқабатты үйде 58 адам тұрады. Бұл жағдай тұрғындардың біразын тығырыққа тірегендей.

Зағира Абдуллаева, қала тұрғыны:

Мысалы менің 5 немерем бар. Мен қалай тамақ аламын? Қалай далаға шығамын. Одан кейін бізде ондай табысымыз жоқ. Мен зейнеттегі емес, бала бағып отырған адаммын. Шешесі жұмысқа шыға алмай қалды. Қалай енді күнімізді көреміз?

Тіпті, үйге азық-түлік алып келген туыстары да шығып кете алмай қалыпты.

Зағира Абдуллаева, қала тұрғыны:

- Ол кісі біздің үйде қонып жатыр. Ол кісі бізбен бірге тұрмайды. Ол кісі де жұмысынан қалды. Бізге жәрдем беріп тұрушы еді. Тамақ әкеліп беретін балаларға. Енді не істейміз, не істей аламыз?

Үйдің маңында полиция және медицина қызметкерлері жүр. Тұрғындардың айтуынша, кешеден бері бұл аймақты бірнеше рет зарарсыздандырған. Ал, түстен кейін осы үйдің тұрғындары біздің редакцияға «сүйінші» сұрап хабарласты. Себебі, қауіпті дертті жұқтыруы ықтимал деген тұрғыннан вирус расталмаған. Яғни, шамамен 18 сағаттан кейін 62-ші үйдің тұрғындары оқшаулану тәртібінен алынды.

«Бұл вирустың қаншалықты қауіпті екенін осы бір түннің ішінде айтарлықтай ұқтық», - дейді тұрғындар.Бұдан бұрынғы хабарларымызда айтқандай, Алматыда  оқшауланған 15 үй бар.

Авторлары: Алуа Маханбет, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы