425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыға қонған Варшава рейсінің жолаушыларынан COVID-19 анықталған жоқ

  • 374
  • UPD: 22:45, 26.03.2020

Қарағандының әуежайына Варшавадан кеп қонған арнайы рейстің жолаушыларынан COVID-19 вирусы анықталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі күн қатаң бақыланған борт жолаушылары бүгін үйлеріне жіберілді. Оның тек алтауы қарағандылықтар, қалғаны өзге өңірлерден екенін атап өткен жөн.

Естеріңізге салсақ, арнайы рейс 23 наурыз күні кенді шаһарға келіп қонған. Жолаушылар әуежайдан Қарағанды маңындағы госпитальға оқшауланған болатын.

Дәуренбек Бақдәулетұлы, тілші:

- Бұл госпитальға жеткізілгендерде екі күн бойы үміт пен үрей арпалысқан. Тек дәл осы сәтте күдік сейілгендей. Польшадан келген ұшақ бортында 207 адам болды. Ел Үкіметі тұрақты әуе қатынасының тоқтауына қарамастан, отандастардың оралуына ықпалдасып, арнайы чартерлік рейс жіберген еді.  Енді міне, екі күн күткен қуанышты хабардан кейін қоштасатын кез келді.

Қазір облыс бойынша дәрігерлер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Оған қоса, әскери госпитальдар мен медициналық университет, колледж оқытушылары да ақ халаттыларға көмектесуге тартылған. Тек осындай бір бортты күтіп алу үшін 50-ге жуық маман тартылады.

Гамаль Тоқсанбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Жолаушылардың барлығы отандастарымыз. Олар әр өңірден. Ұшақ қонған бетте борттан түспей тексеріліп, соңынан оқшаулау орнына жеткізілді. Барлығы COVID-19 вирусына тест тапсырып, дерт белгілері ешқайсынан анықталған жоқ. Жолаушылардың барлығы қазір үйлеріне қайтарылды.

Соңғы ахуалдан құлағдар болып отырған тұрғындар да қазір дәрігерлердің еңбегін бағалап, оларға төзім мен күш қуат тілейді. Бұл дертті де ел болып, еңсеретінімізге сенімді. 

Блиц 1:

- Қазіргі дәрігерлердің жұмысы өздеріне де, отбасыларына да аса қауіпті. Сондықтан дәрігерлер мақсатына жетіп, вирусты жеңіп шықса деймін. Ешқашан жеңілмесін, бұл вирус Қазақстаннан кетеді деген ойдамын.

Блиц 2:

- Жұмыс уақыттары ұлғайған шығар, енді халық үшін шыдасын. Шамалы ғана ғой, өтер, қазақ деген мықты ғой, өтеді де кетеді.

Естеріңізге салсақ, қазір Қарағанды облысында COVID-19 дертін жұқтырған 4 адам бар. Дәрігерлер олардың жағдайы тұрақты екенін айтады. Ал, карантинге 300 адам жабылған, тағы,150 адам үй бақылауында отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бақдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы