432,55 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің барлық аймағында дезинфекциялық жұмыстар жүріп жатыр

  • 109
  • UPD: 23:07, 26.03.2020

Еліміздің барлық аймақтарында қоғамдық орындарды дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық көліктер мен аялдамалар, саябақтар мен балалардың ойын алаңдары күніне бірнеше рет тазартылады. Бұл жұмысқа арнайы мамандар мен әскерилерден өзге еріктілер де жұмылдырылған.

Семейде 505 аялдама бар екен. Оларды өңдеу жұмыстары бір уақытта қаланың оң және сол жағалауында басталды. Шаһарда қоғамдық көліктер саны қысқарғанымен, тазалық жұмыстары қатаң бақылауда. Жалпы қала бойынша індеттің алдын алу мақсатында бюджет мекемелері мен базарларға 18 тонна дезинфекциялық ерітінді тегін таратылған.

Назым Жамболатова, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Күні бойы маршруттық желіде жүрсе де, соңғы аялдамаларға келген кезде өздерінің белгіленген тәртібі бар дезинфекциялаудың. Сол тәртіпке байланысты күніне 3 рет, ал кешке жаңағы рейс аяқталғаннан кейін қосымша толықтай тазартылып, жуып, ертеңгі рейске шығуға дайындайды.

Атырауда балалар алаңы мен демалыс орындары 4 тоннадан астам дезинфекциялық ерітіндімен өңделді. Жергілікті биліктің ұйымдастырумен басталған шараға әскери бөлімнің жүзден аса маманы мен арнайы техника жұмылдырылды. Олар облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағы, шағын гүлзарлар мен балалардың ойын алаңқайларын зарарсыздандырды.

Сафар Фазылов, «Батыс» өңірлік әскери қолбасшылығының маманы

- Біздің қолданып жатқанымыз – хлор ерітіндісі. Ол қауіпсіз, микробтарды жойғанымен, қоршаған ортаға, адам ағзасына зиян келтірмейді. Жергілікті әкімдік күніне 10 нысан белгілеп береді. Біз оларды зарарсыздандырамыз.

Таразда да індеттің алдын алу шаралары күшейтіле түсті. Дезинфекциялық жұмыстарға 18 бригада жұмылдырылған. Қала ішінде қатынайтын 400-ден астам қоғамдық көлік және 500-ден астам аялдама күніне екі рет зарарсыздандырылып жатыр. 85395 әскери бөлімінің 200-ден астам маманы халық көп жиналатын базарлар мен сауда орындарын күнделікті дезинфекциялап жатыр. Облысқа кіретін жолдарда 4 жерге санитарлық бақылау бекеттері қойылып, жолаушылар жіті тексеріліп жатыр.

Нейля Муликова, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Белсенді түрде жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда 18 мыңнан астам автокөлік өтті және 45 мыңнан астам жолаушы өтті. Олардың барлығынан анкетирование жүргізіліп, термометрия өткізілді. Арасында температурасы бар адамдар анықталған жоқ.

Ақтөбеде әскерилер тұрғындар көп келетін сауда орындары мен саябақтардың аумағын, әуежай және теміржол вокзалын дезинфекциядан өткізіп жатыр. Алдағы күндері қалааралық бағыттарда жүретін автобустар тұрағы мен үлкенді-кішілі базарлар, сауда орындарының аумағы және қозғалысы көп көшелер қамтылмақ. Ал, балалардың ойын алаңына баса көңіл бөлінеді. Бұл жұмысқа әр тәулікте арнайы дайындықтан өткен 100-ге жуық әскери қызметші тартылды.

Ахмет Момын, Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің басшысы

- Арнайы сұйықтық – «Рубеж». Бұның ең басты қасиетіадам ағзасына, жануарларға және өсімдіктерге кері әсерін тигізбейді. Тек қана короновирус сияқты әртүрлі микроорганизмдерді жоюға арналған. Бұл дизенфекциялық іс-шара төтенше жағдай аяқталғанға дейін өткізіледі.

Жалпы Ақтөбеде вирус жұқтырған бір адам тіркелген соң, қауіпті дерттің таралмауына бағытталған іс-шара көбейді. Қоғамдық орындардан өзге көп қабатты үйлердің де тазалығы бақылауға алынды. Мұндай шараларға волонтерлер де жұмылдырылған.

Авторы: Болат Көкенайұлы, «Хабар 24» арнасының аймақтардағы тілшілердің көмегімен

Хабар 24 телеарнасы