448,38 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкент әкімі: Қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ

  • 114
  • UPD: 00:01, 27.03.2020

Шымкентте коронавирус індетінің алдын алу мақсатында үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай шаһарда сақтық шаралары қолға алынды. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарға жасаған мәлімдемесінде жеткізді. Қала басшысы қауіпсіздік шараларының негізгі 7 басым бағытына тоқталды. Ол халықты дүрбелең туғызбай, сабырлы болуға шақырды.

Еліміз бойынша жарияланған төтенше жағдай режимінде Шымкентте де қауіпсіздік шаралары қатаңдатылды. Мұның бір парасын қала әкімі өз мәлімдесінде халыққа баян етті. Мәселен, күні кеше шаһарға кіреберіс жолдарға 12 санитарлық бекет қойылды. Енді қалаға кіретін әр азаматтың денсаулығы тексеріледі. Бұған дейін теміржол вокзалы мен әуежай да санитарлық бақылауға алынған еді.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Қаладағы базарларда, сауда орталықтарында, автобустарда, қоғамдық орындарда және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде дезинфекциялық жұмыстар күніне 2 рет жүргізілуде. Барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді. Сонымен қатар, антисептик өнімдерін шығаратын «Ордабасы» индустриалды аймағындағы кәсіпорын күніне 4 тонна зарарсыздандыру өнімдерін шығаруда.

Қауіпсіздік мақсатында қала аумағындағы оқу орындары демалысқа шығып, қашықтықтан оқыту жүйесімен жұмыс істеп жатыр. Ал, бүгіннен бастап қаладағы балабақшалар жұмысын тоқтатты. Сонымен қатар тойханалар, ойын-сауық орындары уақытша жұмыс істемейді. Ал сауда орталықтары мен мейрамханалардың жұмыс кестесі өзгеріп шектелді.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

Бүгіннен бастап автобекеттердің жұмысы толығымен тоқтатылды. Төтенше жағдай жариялануына байланысты бүгінгі күнде қоғамдық көліктер бағытының 25%-і уақытша қысқартылды. Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті. Баға бақылауда. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ.

Қала аумағында коронавирус инфекциясының жаппай таралу қаупі анықталған жағдайда ауруларды жатқызатын 170 орындық инфекциялық стационар құрылды. Бұдан басқа, 680 орындық провизорлық және 1500-ге жуық карантиндік стационар дайындалды. Медицина қызметкерлерінің жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен дәрілер толығымен жеткілікті. «Қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ. Мәселе менің жеке бақылауымда», - деді әкім.

Авторы: Нұрбек Байбосын

Хабар 24 телеарнасы