447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте қоғамдық орындар зарарсыздандырылуда

  • 99
  • UPD: 00:02, 27.03.2020

Шымкентте адам көп жиналатын қоғамдық орындар зарарсыздандырылуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала әкімдігі ұйымдастырған дезинфекция жұмыстарына әскерилер тартылды. Қазіргі таңда сарбаздар шаһардағы саябақтар мен қоғамдық орындарды, Арбат алаңы мен Shymkent Plaza ойын-сауық кешені аумағында үздіксіз зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Шымкентте індетке қарсы күрес шаралары күшейтілді. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында қоғамдық орындарды дезинфекциялау жұмыстарына әскерилер тартылды. 120-дан аса сарбаз шаһардағы тұрғындар көп жүретін сауда орындары мен саябақтардың аумағын, арбат және ойын-сауық кешені алаңдарын дезинфекциялаудан өткізуде. Қала әкімдігі елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты аса қажеттілік туындамаған жағдайда адамдар көп шоғырланған жерлерге бармау, көшелерде негізсіз жүрмеуге кеңес береді.

Блиц 1:

Расында қалада адам қарасы азайған. Бұның бәрі қауіпсіздік пен сақтық үшін керек деп ойлаймын. Сондықтан көшеге шықпауға тырысамыз. Қазір досым екеуіміз маска алуға бара жатырмыз.

Блиц 2:

- Тәртіпке бағынып, дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрген жөн. Мына жерде де әкімшілік пен полиция қызметкерлері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйде отыруды тапсыруда. Мен де үйге қайтып бара жатырмын.

COVID-19 коронавирус пандемиясының алдын алу мақсатында қалада штаб құрылды. Оны шаһар басшысының өзі басқарады. Қоғамдық қауіпсіздік пен санитарлық талаптар барынша күшейтілген. Қала тұрғындары мен қонақтарына қоғамдық орындар мен базарларда бетперде киіп жүру ескертілді.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл-Фараби ауданының әкімі:

- Мейлінше қауіпсіздік шараларын өзімізден бастауымыз керек. Әрбір отбасынан, шаңырақтан бастауымыз керек. Сондықтан қала тұрғындарын осы қауіпсіздік шараларын қолға алуға шақырамын. Сонымен қатар жас балаларды, балабақша жасындағы балаларды үйде ұстап отыруға, соларға мейілінше жағдай жасауға мүмкіншілік жасау керек.

Тәртіп сақшылары көпшілікті төтенше жағдай кезіндегі негізгі талаптарды орындауға және айтылып жатқан кеңестерге назар аударуға шақыруда. Айта кетейік, Шымкент қаласында 12 санитарлық пост жұмыс істейді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы