432,55 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Батысқазақстандық шаруалар жер учаскелерін рәсімдей алмай жүр

  • 126
  • UPD: 00:15, 27.03.2020

Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасы ауылшаруашылық жерлеріне конкурс өткізудің тәртібін өзгертуді сұрап, Ауыл шаруашылығы министрлігіне өз ұсыныстарын жолдап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, конкурстың қазіргі шарттары бойынша жаңа құрылған шаруа қожалықтарына жеңімпаз атануға мүмкіндік аз. Соның салдарынан өз ісін енді бастаған жергілікті тұрғындар қағажу көріп келеді.

Тасқала ауданы Оян ауылының тұрғыны Берқайыр Сембиев былтыр «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін тегін оқып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті. 3,5 миллион теңгеге 100 саулық, 4 қошқар сатып алған. Қазір қой төлдету науқанына қамданып жүр.

Берқайыр Сембиев, оян ауылының тұрғыны:

- 10 шақтысы төлдеп жатыр. Мамырда бәрі төлдеп болады. Жұмыс болған жоқ. Бұрын жұмыссыз ретінде есептелдім. Соны алып, пайдасын көрудемін. Кішкене болашақта ірі қара малын да ұстап, қойымды 5-6 есе көбейткім келеді.

Берқайырдың зайыбы Құбылғаным да жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 505 мың теңгенің грантына ие болыпты. Қайтарымсыз қаржыға ол 2 сүтті сиыр сатып алған. Ерлі-зайыптылардың ендігі көздегені – мал басын көбейту, шаруа қожалығын құру.

Құбылғаным Наженова, Оян ауылының тұрғыны:

Жұмыс барлығы болып жатыр. Енді бір сұрайтыным, кедергі болып тұрған жағдай жайылымдық жер сұраймыз. Жайылымдық жерге аудан әкіміне де кірдік. Ауыл әкіміне де кірдік. Енді бәрінің айтатыны конкурс болсын дейді. Онымен конкурсқа қатысатын жаңа бастап жатқандықтан, техника ештеңе жоқ. Басқа ірі шаруашылықтар, техникасы барлар жерді алып кетеді ғой.

Өз кәсібін кеңейткісі келген ерлі-зайыптылардың сөзін ауыл әкімі де растайды. Алайда, қолдан келер қайран жоқ. Конкурс шарты бойынша инвестициясы қомақты, техникасы жаңа, бизнес жобасы үздік шаруашылықтарға басымдық беріледі. Ал жоқшылықтың қамытынан енді құтылып жатқандарда бұл айтылғандар қайдан болсын?!

Мұхтар Таңатжан, Қосшы ауылдық округінің әкімі:

- Енді қазір бір айтып жатқан бағытымыз – бұл жер алудың ыңғайлы, тиімді жолы. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері дейді ғой, соны құрса, ауылдың малын бір жерге жинап ұстаса, сол арқылы СПК арқылы кезексіз, конкурссыз жер алуға болады. Сонымен ауылдың айналасындағы жерлерді солай ұстап қалғымыз келеді.

Бұл өзекті мәселе тек бір отбасының, бір ауылдың басындағы жағдай емес. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар бойынша жүздеген-мыңдаған ауыл тұрғынына несие берілді. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығын таңдағаны мәлім. Уақыт өте өз кәсібін кеңейткісі келгендер аталған проблемаға тап болады екен.

Жұматай Ашықбаев, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы мәселені ескере отырып, біздің тарапымыздан Ауыл шаруашылығы министрлігіне ағымдағы жылы өткен айда ұсыныс берілді. Мына конкурстардың қағидаларына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде.

Бұл ұсыныстар жаңадан құрылған қожалықтарға басымдық беруге бағытталған. Сонда бұрын қағажу көріп келген жергілікті шаруалардың мүддесі ескерілмек. Ал жалпы өңірде соңғы жылдары 1 миллион 750 мың гектар жердің игерілмегені анықталса, соның 65% мемлекетке алынған. Қайтарылған жердің 940 мың гектары конкурс арқылы айналымға енгізіліпті.

Авторы: Ерденбек Жылқайдарұлы

Хабар 24 телеарнасы