445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы клининг компаниялары тұрғын үй кешендерін дезинфекциялап жатыр

  • 32
  • UPD: 11:11, 27.03.2020

Елордадағы клининг компаниялары өзіне бекітілген тұрғын үй кешендерінің іші мен сыртын толық дезинфекциялап жатыр. Мақсат бір - індеттің таралуына мейлінше жол бермеу. Осыған байланысты компания қызметкерлері тұрғындарды далаға шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтап жүруге шақырады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Карантин кезіндегі тұрғындардың көбі немен айналысарын білмей жатқанда клининг компанияның өкілдері подъезде ұдайы түрде дезинфекциялық жұмыстар жүргізуде. Тазалау қызметінің өкілдері еден жуудан бұрын лифттегі әр перне мен тұтқаны хлормен сүртуде. 

Үйдің сыртқы есіктерінің тұтқасымен қатар әйнектеріне дейін хлор аралас қоспа себіледі. Кіреберіс іші мен балаларға арналған ойын алаңдарындағы тазалау жұмыстары да күніне екі мәрте жүргізіледі. Таңғы және кешкі уақыттарда. 

Айжан Қазиева, тазалаушы:

- Ең бірінші уборкаға кіріспестен бұрын дезинфекция жасап аламыз. Кіріп шығатын есіктер, көрсетілген нәрселер, кнопкалар, есіктер, тұтқалар. Бұрын біз мынадай дезинфекцияда екі мәрте жүрмейтінбіз. Өз жұмысымызды жүргізетінбіз. Қазір көбейді. 

Айжанның негізгі мамандығы массажист. Екі баланың анасы. Сақтық шаралары аясында ұлдарын сыртқа жиі шығармайды. Клинингтік компанияда тазалаушы болып қызмет етіп жатқанына 1 жыл. Карантинге байланысты жұмыс көбейгенімен жалақыға үстемақы қосылмайды, дейді компания мамандары. 

Меруерт Сейіптанова, тұрғын үй кешенінің супервайзері:

– Жалақы жағы қосылмайды. Өйткені бізде КСК. Кісілер қалай төлейді, біз сонша ғана аламыз. Бізге үстімізден ешкім ақша төлемейді. Жұмыс қосылса да, осы жалақымен жұмыс істейміз. 

Супервайзер Меруерттің айтуынша, тазалаушылар арасында тапшылық болмағанымен, қызметті тұрақтату үшін оларға психологиялық жағынан қолдау көрсетіледі. Өйткені кейбір тұрғындардың жай тұмаулатып қалуының өзі мамандар арасында аз да болса үрей тудыратыны рас, дейді компания өкілдері.

Әсет Беғалиев, клинингтік компания жетекшісі:

- Біздің компаниямыз астанада 30 көп пәтерлі үйге қызмет көрсетеді. Сол барлық 30 үйде біз негізгі жұмыстан басқа дезинфекция жұмысын күнделікті графикпен жасап келеміз. Тұрғындардың арасында рахметін айтатын адамдар да бар. Оны көрмейтін де адамдар бар. Біздің жұмысымызға кедергі жасайтын адамдар да бар. 

Тырнақ астынан кір іздейтіндер де аз емес. Олардың аяқ астынан шақыруына бола негізгі кестеден ауытқуға тура келеді, дейді компания жетекшісі. Айта кеткен жөн, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілгеннен кейін тұрғындар үйлерінен кем дегенде 1 сағат көлемінде сыртқа шықпауы керек. Дезинфекциялау жұмыстары күн сайын таңғы сағат сегізде және кешкі сағат бесте жүргізіледі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы