445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің өңірлерінде кесірлі вирустың қатерін елемеуге тырысатындар басым

  • 40
  • UPD: 10:58, 27.03.2020
Еліміздің өңірлерінде кесірлі вирустың қатерін елемеуге тырысатындар басым

Елімізде енгізілген төтенше жағдай режиміне жеңіл қарайтындармен күрес күшейе түседі. Өкінішке орай, шектеу атаулыға шекеден қарап, гигиеналық талаптарды орындауға құлықсыздар аз болмай тұр. Мәселен, Петропавлда тәртіпке бас имеген 17 кәсіпкер қамауға алынса, Ақтауда санитариялық талаптарды сақтамағандарға соңғы рет ескерту берілген. 

Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдайды бұзған 17 кәсіпкер қамауға алынды. Олардың бәрі шектеуге қарамастан түнгі 10-нан кейін де жұмыс істеген. Қазір құзырлы орган қызметкерлері мен волонтерлер полицейлермен бірлесіп күн сайын рейд ұйымдастыруға кірісті. Олар ойын – сауық кешендері мен тамақтану орындарын, сондай ақ сауда үйлерін тексеріп жатыр. Облыс бойынша 26 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Төтенше жағдайға байланысты тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс кестесіне көшіп, 6 карантиндік бекет қойылды. 

Нұрбек Баекин, облыстық ПД баспасөз қызметінің инспекторы:

- Осы күні күшейтілген режимде 200-ден астам полицей қызмет атқарып жатыр. Сондай-ақ облыс аумағында карантиндік пост өз жұмысын жалғастыруда. Ол арқылы біздің облысқа келген кеткен адамдар тексеріліп, тіркеуге алынуда. 

Ал Ақтауда санитарлық тазалық талаптарын сақтау әлі де бір жүйеге түспей отыр. Қоғамдық көлікте, ашық базарлар мен жабық сауда орындарында жүргізілген кезекті рейд осыны көрсетті. Бетперде мен қолғап киген сатушы тым аз. Көбі санитарлық талап ережелерін бұлжытпай сақтау қажеттігін камераны көрген кезде ғана еске алғаны рас. Қалаішілік автобус жүргізушілері де тым жайбарақат, арасында бетперде кигендері жоқтың қасы. 

Ажарым Тұрғанбаева, қала тұрғыны:

- Сақ болмасақ болмайды. Мұнымен ойнауға болмайды. Продукты керек болғасын амалсыз келеміз. Осынан алған затымыздың барлығын үйге барып обработкадан өткізіп, қолымызды сабындап жуып маскамызды лақтырып сөйтеміз, басқа амал жоқ. Еліміз тыныш болсын, бәле-жала өзімен кетсін. 

Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімінің орынбасары:

- Біздер бүгін ескерту ретінде айтып шықтық,  бәріне түсіндірдік. Келесі де санитарлық нормалар сақталмайтын болса, қатаң шараларды қолданамыз. Жауып тастауға дейін де тура келеді. Бұл ретте біз дүкендерді айтып тұрмыз. Бұл рейдті осы санитарлық нормалар әбден қалыптасып кеткенше күнделікті жасап тұру керек болады. 

Ал Батыс Қазақстан облысында той-томалақ тыйылмай тұр. Ескертуді елемеген кәсіпкерлер белгіленген уақыттан кейін де жұмыстарын жалғастырған. Жүзден аса адам жинап той мен садақа өткізуге жол берген мейрамхана мен дәмхана қожайындары тиісті жазасын алды. 6 кәсіпкер айыппұл төлеп құтылған.    

Болатбек Белгібеков, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Бүгінгі таңда 20 мекеменің жеке кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік жазалар тағайындалды. Оның ішінде 13-і бүгінгі әкімшілік қамауға алынды. Төтенше жағдай кезіндегі талаптарды бұзғаны үшін. Осындай рейдтік іс-шаралар барлық өңірлерде облыс бойынша тұрақты түрде күнделікті жүргізілетін болады. 

Ақтөбе облысының тәртіп сақшылары қауіпті індет жөнінде жалған ақпарат таратқан Бадамша ауылының тұрғынын ұстады. 34 жастағы күдікті өз үйінің ауласындағы балалар алаңын залалсыздандырып жүрген мамандарды ұялы телефонға түсіріп алады. Кейін аталған елді мекенде коронавирус анықталды деп жақын туыстарына жалған хабарлама жіберген. Әлеуметтік желіде тез таралған жалған видео авторы кешікпей қолға түсті. Төтенше жағдай талаптарын бұзған кәсіпкерлер де жазасыз қалмайды. 

Ерболат Сарқұлов,  облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Полиция қызметкерлері еріктілермен бірігіп, Ақтөбе қаласында кешкі уақытта рейдтік іс-шаралар өткізеді. Ол шараны жүргізу барысында төтенше жағдай басталғалы Ақтөбе облысында 24 құқық бұзушылық анықталды. Кафе-ресторан және компьютерный клубтардың әкімшіліктері олардың үстінен хаттама толтырылып, әкімшілік жазаға тартылды.

Ауылдастарын әбігерге салған Ақтөбелік ескертумен құтылды. Алайда қазір еркелікті көтеретін кез емес. Төтенше жағдай талаптарын бұлжытпай орындау баршаға ортақ міндет, дейді тәртіп сақшылары. 

Авторы: Талғат Серікқалиұлы

Хабар 24 телеарнасы