411,72 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Полиция қызметкерлері тұрғындардың дүкенге барып, үйлеріне қайтқанын бақылауы мүмкін

  • 225
  • UPD: 16:40, 27.03.2020
Полиция қызметкерлері тұрғындардың дүкенге барып, үйлеріне қайтқанын бақылауы мүмкін

Елімізде бүгін түнгі сағат 00:00-ден бастап коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында азаматтардың үйден шығуына шектеу қойылады.

Үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін ғана шығуға болады. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев онлайн брифингте айтып берді.

«Көшеде полиция қызметкерлері тоқтатып, қайда бара жатқаныңыз туралы сұраса, оған түсіністік танытып, жауап беру керек. Жұмысқа шақырғанды растау үшін тікелей басшының немесе кадр бөлімі қызметкерінің телефон нөмірі болған жөн. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар әдетте тұрғын үйлерге жақын орналасады. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғындардың қажетті затын сатып алып, үйлеріне қайтқанын бақылауы мүмкін. Оған да түсіністік таныту қажет», - деді министр.

Сондай-ақ 30 наурыздан бастап елорда мен Алматы қаласындағы мекемелердің басым көпшілігі жұмысын уақытша тоқтатады.

Айта кетсек, төтенше жағдай кезінде карантин режимінің талаптарын сақтамағандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің шеңберінде әкімшілік жауапкершілік көзделеді:

– ескерту немесе 26,5 мың теңге мөлшерінде айыппұл;

– немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу (ӘҚБтК-нің 476-бабы).

Сонымен қатар азаматтар құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынбағаны үшін мынадай жазаға тартылады (ӘҚБтК-нің 667-бабы):

– 106 мың теңгеге дейінгі мөлшерінде айыппұл;

– немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу.

Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады:

– 5,3 миллион теңгеге дейінгі мөлшерінде айыппұл;

– немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру (ҚР ҚК 379-бабы).

Хабар 24 телеарнасы