413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы дәріханаларында кезек көп

  • 176
  • UPD: 21:58, 27.03.2020

26 наурыздан бері Алматыда дәріханалар мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істеуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалған кәсіпорындар карантин уақытында қызметін тоқтатуы тиіс. Дегенмен қалада әрі бері жүрген адам қарасы көп.

Алматыда ең көп адам жиналатын жер қазір дәріханалар маңы. Әсіресе, таңертеңгі уақытта ірі фарм орталықтардың алдынан ұзын сонар кезекті байқауға болады. Адамдардың көпшілігі бетперде алу үшін келеді екен.

Бұл – қаладағы ірі дәріханалардың бірі. Мұнда кезекте тұрғандар көп. Ішке тек 5-10 адамнан кіргізеді. Сырттағы тәртіпті полицейлер қадағалап тұр. Карантин жағдайында көпшілік жиналған жерге бару да қауіпті. Дегенмен қажет зат болған соң, амалсыз арақашықтықты сақтап тұрмыз дейді тұрғындар.

Гүлнар Тоқмолданова, қала тұрғыны:

– Еш жерден маска таппай жатырмыз, маска жоқ. Зейнеткерлерге өте қиын маскасыз.

Мұхтар Әскербеков, қала тұрғыны:

– Кезек деген толып тұр. Қанша тұратынымызды бір Алла біледі.

Кеше ғана осы дәріханада бетперде 87 теңгеден сатылыпты. Бір адамға 10 данадан берілген еді дейді мұнда келген тұрғынның бірі. Бүгін 200 теңгелік бетперделер мен қымбат респираторлар қалған. Алматылықтардың айтуынша, дәрі-дәрмектердің де бағасы көтерілген.

Азық-түлік дүкендерінде айтарлықтай қарбалас жоқ. Керек затты кезексіз сатып алуда. Алайда дүкенде бетпердесіз жүргендер де бар. Мұны олар бетперденің тапшылығынан деп түсіндірді. Дегенмен қауіпті індеттен сақтану талаптарын орындаған жөн.

Гүлжан Көленқызы, Александра Салмина, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы