411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы Сандықтау ауданы су тасқынына дайындалып жатыр

  • 186
  • UPD: 00:34, 28.03.2020

Биыл Ақмола облысында 100 шақты елді мекенді су басу қаупі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ішінде ең қиын жағдай Аршалы, Целиноград, Шортанды, Атбасар, Астрахан және Сандықтау аудандарында болуы мүмкін. Мәселен, шағын ғана Сандықтау ауданының өзінде су айдындарына жақын орналасқан 10 ауыл бар.

Сандықтау ауданындағы су тасу қаупі бар елді мекендердің бірі – осы аудан орталығы Балкашин ауылы. Мұнда су тасқыны соңғы рет 2017 жылы болды. Ол кезде қызыл су көпірдің сыртына шығып, нәтижесінде осы маңайдағы 100 шақты үйді су басып қалған болатын.

Ал биыл аудандағы қардың көлемі сол 2017 жылғыдан екі есеге көп. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай қалың қар соңғы рет осыдан 20 жыл бұрын жауған. Ал Валентина әжей қар көп болғаны жақсы. Бірақ тасқын деген мүлдем болмаса екен деп тілейді.

Валентина Дулина, Балкашин ауылының тұрғыны:

– Ол жылы төменгі үш көшені су басып қалған болатын. Сондықтан биыл да уайымдап отырған жайымыз бар. Әкімдік қарды тазалап жатыр. Бірақ бұған тұрғындардың өздері де атсалысуы тиіс.

Биыл сонымен ауданда 200-ге жуық үй мен 500-ден астам адам қауіпті аймақта деп саналып отыр. Тасқынның алдын алудағы ең басты шара – елді мекендерді қардан тазалау. Бұл жұмысқа коммуналдық мекемелердің арнайы техникаларынан бөлек, ауыл шаруашылығы құрылымдарының көліктері де жұмылдырылған.

Тасқынның алдын алу әкімдікте күнде болмаса да, күнара талқыланатын тақырып дейді мұндағылар. Себебі апат айтып келмейді. Суағарларды тазалау, көпірлер мен су қоймалары қандай жағдайда? Бәрі осы жерде ортаға салынады. Ал ең басты мәселе – халықты аман алып қалу.

Асқарбек Үйсімбаев, Сандықтау ауданының әкімі:

– Эвакуация кезінде оларды қайда апарамыз, қайда қоямыз? Туысы бар ма, ағайыны бар ма? Жолдасы бар ма? Қайда көшетінін дайындап қойдық. Біз әр адаммен сөйлесіп, олардың қайда баратынын анықтауымыз керек.

Ал қар күрт еріп, үйлерді су басу қаупі күшейсе, олардың маңын қоршайтын 320 тонна инертті материал дайындадық дейді жергілікті жауапты мамандар. Бір қуантарлығы, қазір аймақта күн суық болып тұр. Күндіз аздап еріген қар суы түнде қайта қатады. Ал жалпы аймақта тасқын қатері сәуір айының басында артады деген болжам бар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы