411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да тасқын қаупі сейілген жоқ

  • 200
  • UPD: 00:35, 28.03.2020

Шығыс Қазақстан облысында тасқынның алдын алу шараларына 1 миллион 200 мың теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір облыстағы құтқарушылар қажетті техникаларын дайындап, сақадай сай отыр. Арнайы комиссия апта сайын өңірдегі қауіпті деген қар қалың аймақтарды аралап, әзірлікті пысықтауда. Ал облыс орталығы Өскеменде, төтенше жағдай қызметкерлері үйлерді қарғын су баспас үшін қандай қам жасау керектігін көрсетіп, шеберлік сағатын ұйымдастыруда.

Өскемендегі Согра ықшам ауданындағы жұрт көктем сайын топан сумен алысады. Үлбі өзені арнасынан асып маңайдағы тұрғын үй секторына жайылады. Николай Александров та сол тасқынның зардабын талай тартқан. Ауласы мен жертөлесі бірнеше жыл қатарынан су астында қалды. Енді құтқарушылар оның үйіне арнайы келіп, қарғын судың алдын алу әдістерін өздері көрсетіп берді.

Николай Александров, қала тұрғыны:

– Бізге үйдің маңына еріген қар суы кірмес үшін қандай шаралар жасау керекгін көрсетіп берді. Осы ықшам аудандағы жер үйлер жыл сайын қарғын судан зардап шегеді. Сондықтан тұрғындар да жауапкершілікпен қарауы керек.

Өткен жылдары қаладағы 100-ден астам үй ауласына су кірген болатын. Биыл жағдай біршама тұрақты. Дегенмен селқостық танытуға болмайды дейді мамандар.

Марина Лискова, қалалық ТЖБ баспасөз хатшысы:

– Тасқын болуы мүмкін деп болжаған алғашқы кезең сәтті өтті. Тұрғындардан ешқандай шақыртулар түскен жоқ. Енді екінші кезең жақындап қалды, өйткені өзен-көлдердегі мұз еріп жатыр. Сондықтан су деңгейін қадағалаудамыз.

Облыс аумағы бойынша да басты назар тасқын қаупі мол өңірлерде. Ол тізімде 108 елді мекен тұр. Алғашқы бестікте Алтай, Шемонайха, Бесқарағай, Қатонқарағай, Бородулиха аудандары. Ең қарлы Көкпекті, Глубокое аудандары да осы тізімнен табылады. Арнайы комиссия соңғы апталарда Алтай ауданын жиі барлап жүр. Өйткені аталған аймақта Тұрғысын, Хамир өзендері Бұқтырма су қоймасы бар. Таулы өлкеде қар әлі де қалың.

Алексей Штыкель, облыстық ТЖД басқарма басшысының міндетін атқарушы:

– Биыл қар өте қалың болды. Өңірден 1 миллион 200 мың текше метрден астам ақ ұлпа шығарылды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артық. Дегенмен қардың еруі қалыпты. Бірақ қауіп сейілді деуге болмайды, мәселен, біз барып келген Алтай ауданында әлі де қар қоры жетерлік. Ендеше су басу қатері де мол.

Әзірге жер тоңы жұмсақ болғандықтан, еріген қар лезде сіңіп жатыр. Оның үстіне күн райы да қолайлы. Дегенмен қауіп қатер сейілді деуге әлі ерте дейді сала өкілдері. Егер тасқын бола қалған жағдайда оның салдарын жою үшін 600 миллион теңге жұмсалмақ. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына 4 мыңға жуық адам жұмылдырылады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы