411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,1 млрд теңге бөлінді

  • 261
  • UPD: 15:56, 28.03.2020

Батыс Қазақстан облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,1 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қаржыға табысы аз отбасыларды баспанамен қамту үшін 261 пәтер сатып алынады. Былтыр бағдарлама шеңберінде 184 өңір тұрғыны баспаналы болған. Соның басым бөлігі көмекке мұқтаж санаттағы тұрғындар. Мәселен, Бөрлі ауданында былтыр 77 адамға жолдама беріліп, соның 10-ына оң шешім шыққан.

Гүлбия Имашева баспана кезегін 12 жыл күтіпті. Бұған дейін балаларымен бірге пәтер жалдап амалдап келген. «Осы жылдар ішінде ұлымды үйлендірдім. Қазір қызым екеуіміз су жаңа пәтерде тұрып жатырмыз», дейді ол.

Гүлбия Имашева, Ақсай қаласының тұрғыны:

- Бір күні звондады, сіздің кезегіңіз жақындады деп. Сосын құжаттарды жинап бастадым. 3 ай жүрдім. Кілтті алдым, өте қуаныштымын. Жылы, ыссы, полы жақсы қыздырады, батареяны басып қоямыз.

Бағдарлама шарапатын көрген Сымбат Рауилова да кезекке жалғызбасты ана ретінде тұрған. Екі перзентін жалғыз тәрбиелеп отырған ана жуырда жаңа пәтерге ие болды.

Сымбат Рауилова, Ақсай қаласының тұрғыны:

- 1 бөлмелі пәтер алдым. Өте жақсы бағдарлама деп айта аламын. Өте көп жеңілдіктер бар. Қараша айында бағдарлама ашылды деп естіп, ЖКХ бөліміне барып жолықтым. Кезекте тұрғандықтан маған жолдама берді, құжаттарымды жинап тапсырдым. Көп ұзатпай бір жұмада хабарласып, бүкіл құжаттар сай келетінін айтты.

Былтыр баспанамен қамтылған 10 тұрғынның алтауы Оралдан, ал қалған төртеуі Ақсай қаласындағы көп қабатты үйлерден пәтер алған. Бағдарламаға қатысушылардың дені көп балалы және толық емес отбасылар. Сонымен қатар үйде мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да осы бағдарламаға қатыса алады.

Дастан Ақмәмбетов, Бөрлі аудандық ТҮКШ, ЖКАЖ және тұрғын үй испекциясы бөлімінің басшысы:

- Негізгі талап – сатып алынатын үйді жаңа үйден алуға болады. Екінші нарық дейді ғой, ескі үйлер. Сосын үшіншісі, жеке үйлер алуға болады. Үйдің құны 10 миллионнан аспауы керек. Соның 10%1 миллион теңге болуы керек. Несие тарихы жақсы болуы керек, әрбір отбасыға шаққандағы табысы 43 мыңнан аспауы керек. Мысалы, 2 баласы бар толық емес отбасы болып оның айлық табысы 200 мың болатын болса, ондай отбасылар өтпейді бізде.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша былтыр 3 көп балалы отбасыға пәтер берілген. Қазіргі таңда аудан бойынша 2368 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Қазір кезекте тұрған азаматтарға арнап 126 пәтерлік көп қабатты үй салынып жатыр. Ақсайдағы инвесторлар қаржысына салынған  үйлердегі бос пәтерлер де көп балалы отбасыларға беріле бастады. Келешекте Аралтал ауылында екі пәтерлі 40 үйдің құрылысын бастау жоспарда. Бұл үйлер пайдалануға берілген кезде 80 көп балалы отбасы баспанамен қамтылады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы