399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда карантин ережесі қатаңдатылды 

  • 293
  • UPD: 18:30, 28.03.2020

Елордаға карантин енгізілгелі он күн болды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Оның үстіне бүгін қатаңдатылған шаралар күшіне енді. Алайда, ескертуді елемей, қаннен қаперсіз жүргендер де аз емес.

Қазақстанда карантин алғаш рет енгізілгеннен болар, халық оның түпкі мәнін түсінбеген сияқты. Мысалы, кейбір елордалық үйде отырудан гөрі сырттағы тірлігін тындыруға асық. Біз пікірін сұраған енді біреу «осының бәрі не үшін керек? Адамның құқығын шектеу емес пе бұл?» деп, сұрақты өзімізге қойды. Ал жауапты қала әкімі Алтай Көлгінов берді.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

– Құрметті қала тұрғындары! Қоғамдық тәртіпті сақтау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз! Темірдей тәртіптен басқа жол жоқ. Жақындарыңыздың жаны қиналғанын күтпеңіздер. Қазірден бастап қамданған жөн. Өздеріңізді және жақындарыңызды күтіңіздер, сақтаныңыздар.

Қалада карантин енгізілгелі 10 күн. Дертті дендетпеу мақсатында күшейтілген талап бүгін күшіне еніп жатыр. Енді автобустар таңғы 8-бен кешкі жеті аралығында жүреді. Көшеге негізсіз шығуыңызға болмайды. Кәмелетке толмаған балалардың үйде отыруы басты міндет. Үлкендерді де мұқият қадағалау керек сияқты. Әйтпесе...

– Маған далаға шығуға болмайды дейді. Бір ай болды шыққан жоқпын. Қашып шықтым.

–Бала-шағам бар, немерелерім бар. Үйде отырмыз, не істейміз енді? Далаға шыға алмаймыз. Халық не көрсе, соны бірге көреміз. Аманшылық болсын

–Осылай жүру керек. Маска тағы керек. Тәртіп болса, бәрі болады. Аман боламыз

Карантин мерзімі аяқталғанша қала көшелерін патрульдік қызмет қадағалайды. Саябақ, скверлер, жағалаулар, тіпті үйдің ауласындағы балалар алаңқайында серуендеуге рұқсат жоқ. Тәртіпті бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Билік өкілінің талабын орындамағандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

–Жасалып жатқан ескертуге қарамастан, көшелерде адам қарасы қалың бүгін. Тіпті, ата-ана қарауынсыз жүрген балаларды да көріп қалдық. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Карантиннің талаптары күшейтілуі сіз бен біздің денсаулығымыз үшін екенін ұмытпаңыздар.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ермек Дүкенбайұлы

 

Хабар 24 телеарнасы