411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда маңында су тасқыны қаупі сезіле ме?

  • 188
  • UPD: 19:11, 28.03.2020

Тасқыннан қауіп жоқ. Бүгін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин бастаған мамандар тікұшақпен елорда маңын шолып қайтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Елорда іргесінде су тасқыны қаупі әзірге байқалмағанымен, кейбір аумақтарда қар мен мұз өте баяу еруде. Вице-министр Юрий Ильин бастаған бір топ маман жағдайды тікұшақпен бақылады. Ішкі істер министрінің орынбасары дәл қазір бас шаһар маңайындағы ауыл-аймақтарды әуеден өз көзімен көруде.

Тікұшақ елорда маңын айнала ұшып, мамандар көлдер мен өзен арналарын тұтас шолып шықты. Қосшы, Қабанбай батыр және Талапкер ауылдарында қауіп жоқ. Дегенмен тасқын қаупі толық сейіле қоймаған аумақтар да бар.

Юрий Ильин, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары:

– Бірінші кезекте біз елордадағы су қоймасының деңгейін бақыладық. Қазіргі көлемі шамамен 53 процент. Қардың көлемін көрдік, су қорын 100 процентке толтыру мүмкіндігіміз бар. Елордалықтар сусыз қалмайды деп сеніммен айта аламын. Әзірге Қарағанды облысынан яғни Нұра өзенінен су ағыны байқалмайды. Тасқын қаупі жоқ. Үй аулалары мен көшелерден қар мен мұз шығарылып жатыр. Бұл жағынан күн райының өзі бізге жәрдемдесіп тұр.

«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, алдағы аптадан бастап күн жыли бастайды. Қызыл су жайылғанмен, жағдай бақылауда болады. Мәселен, «Талапкер» ауылындағы өзен арналары кеңейтіліп жатыр. Су көбейген жағдайда дамба мен жасанды бөгеттер әзір тұр.

Мақсат Аяшев, ҚР ЭГТРМ су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:

– Жалпы жағдай жаман емес. Қазіргі уақытта ауа райы да орташа болып тұр. Су тасқыны әлі басталмапты. Ауа райы жақсы болып тұр. Оның үстіне қар мөлшері азайған. Бірақ оған қарамастан жағдай бақылауда.

Мамандардың айтуынша, келесі аптадан бастап оңтүстік өңірлердің  мамандары мен техникасы еліміздің орталық және солтүстік аймақтарына келеді. Сондықтан су таси қалған жағдайда техника мен адам күші жеткілікті болады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Айбын Құсанбеков

Хабар 24 телеарнасы